​НОУТБУКты қолдануда көпшілік жіберетін ӨРЕСКЕЛ 5 ҚАТЕ

0
1 597

Осы қателіктер құрылғының тез бұзылуына себеп болады


​НОУТБУКты қолдануда көпшілік жіберетін ӨРЕСКЕЛ 5 ҚАТЕ

Компьютер біздің көп жұмысымызды жеңілдетіп берсе, ноутбук одан да ыңғайлы етіп, «жеңілдікті» өзімізбен бірге алып жүруге мүмкіндік берді. Бағасы арзан тұрмайтын бұл құрылғы студенттер мен қызметкерлер үшін өте құнды. Барынша күтіп ұстауға, бұзып алмауға, мүмкіндігінше ұзақ уақыт пайдалануға тырысады. Сөйте тұра, білместікпен мына қателерді жасап, ноутбуктың тез бұзылуына өздері себеп болып жатады.


Қатты қыздыру

Ноутбук – өте нәзік құрылғы. Сондықтан жоғары температура батареяны зақымдауы және құрылғының кейбір ішкі бөліктерінің кеңеюіне әкелуі мүмкін. Осыны ескеріп, барынша қызып кетуіне жол бермеген дұрыс. Мәселен, ұзақ уақыт жұмыс істесеңіз, арасында «демалдыру» үшін өшіріп, суытып тұрған жөн. Ыстық күнде ноутбукты көлікте қалдырмаған дұрыс. Басқа жолы болмаса, оның толығымен өшірілгеніне көз жеткізіп, көлекңе жерге қою керек.


Қол тазалығына мән бермеу

Бұл ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде ноутбуктің жақсы жұмыс істеуі үшін тазалығына әрдайым мән берген жөн. Қолдың жеткіліксіз тазалығы саусақта кір мен майдың жиналуына жол береді. Олар ноутбук клавиатурасына міндетті түрде жұғылады. Клавиатура не сенсорлық тақтаның қызмет ету мерзімін ұзарту үшін тазалық маңызды. Ал оларды таза ұстау үшін бірінші кезекте қол таза болуға тиіс.

Қақпағын дұрыс жаппау

Ноутбуктің экран-қақпағын ашып-жапқанда абай болу керек екенін білеміз. Бірақ бұл жеткіліксіз. Көптеген адамдар ұмытып кететін, ал кейбіреулер мүлде білмейтін тағы бір ереже бар. Құрылғының қақпағын ашып-жапқанда екі қолмен – үстіңгі жағынан да, ортасынан да ұстаған дұрыс. Себебі, бір қолмен ғана ұстап ашып-жапқанда қақпақ пен негізді байланыстыратын топсаларға қажетсіз қысым түсіп, бұл олардың тез тозуына әкеледі.


Сөмке не қапты қолданбау

Ұялы телефонды қаптамасыз қолданбауды үйрендік. Алайда, ноутбукке келгенде әлі ұқыпсыздаумыз. Көпшілік адамдар ноутбукты бір жерге алып шығарда ғана сөмкеге салып жатады. Ал үйде, жұмыс үстелінде тұрса, қаптамасыз қоя салады. Осының салдарынан ноутбук іші шаң-тозаңға тез толып, сыртқы қабатына сызат түсіп, түрлі зақым келеді. Жұмыс істеуден тыс уақытта үнемі қаптамаға салып қоюды әдетке айналдырсаңыз, осының бәрінен қорғар еді.


Күн астында қалдыру

Жұмыс үстеліне көп жағдайда тәуліктің белгілі бір мезгілінде күн сәулесі түсетін сағаттар болады. Осы уақытта ноутбуктың үстел үстінде қалмауын қадағалайсыз ба? Әлде сіз де үстел үстінде, ең сорақысы, терезе алдында қалдырып кететіндер қатарынансыз ба? Әдетте ноутбуктар температураға сезімтал материалдардан – металл және шыны, сымдардан жасалады. Осы материалдар тікелей түскен күн сәулесінен қызып кетсе, ноутбуктың дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіреді.

Жұмсақ жерге қою

Бұл туралы көбісі біледі, бірақ үнемі мән беріп жатпайды. Бекер-ақ. Ноутбукті көрпе, жастық сияқты жұмсақ жерге қойсаңыз, желдету саңылаулары бітеліп, жылу дұрыс таралмайды. Қызып кету ішкі бөліктерге зақым келтіреді. Егер гаджетті қоятын қатты, тегіс жер не тіреуіш болмаса, тым құрығанда аяғыңызға қойған дұрыс.


«Ұйқы режимі» тынықтырмайды

Жұмыс арасында ноутбукты «демалдырып», суытып алу үшін «ұйқы режиміне» қоятындар бар. Шын мәнінде, бұл режим айтарлықтай тынықтырмайды. Асылында, толықтай өшіріп қойған абзал.

Құрылғыңыздың қамын ойласаңыз, осы қателерге жол бермеңіз. Сонда ноутбугыңыз да қызметін «ризашылықпен» атқарады.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

БАУ-БАҚША баптайтындар үшін таптырмас КӨМЕКШІ