Күннен қуат алатын баскиім, сөмке, басқа да заттар құтқарады
Ілгеріде «Ер қанаты – ат» деп, жылқы малын қастерлеген, мінсе – көлігі, жесе – асы, ішсе - сусыны, керек болғанда киіміне айналдырған қазақтың бүгінгі сенімді серігі – смартфон болып тұр. Қайда барсақ та, басқа затымызды ұмытсақ та, қалта телефонын әсте қалдырмауға тырысамыз. Өйткені, бар керегіміз соның ішінде.
Кейде қуаты таусылып, тоқ көзі табылмай, смартфон сөніп қалса, әжептәуір қиналып қаламыз. Сондайда құтқаратын мынадай құрылғылар жасап шығарыпты өнертапқыштар.
Арқа сөмкесі
USB саңылауы бар сөмке көптеген құрылғыларды зарядтай алады. Мысалы планшет, смартфон немесе құлаққап, смарт-сағат, т.б. Мұндай аккумулятор орнатылған арқасөмкелер әсіресе ұзақ жолға шыққанда өте ыңғайлы.
Кейбір модельдерде аккумуляторды күн энергиясымен қуаттайтын күн панельдері болады. Бұл саяхат, тау туризмі немесе демалыс кезінде өте пайдалы әрі ыңғайлы.
Артықшылықтары:
•Құрылғыларды кез-келген уақытта және кез-келген жерде қуаттау мүмкіндігі
•Саяхатта және демалыста өте ыңғайлы
•Кейбір модельдерде су өткізбейтін қаптамалар бар
Кемшіліктері:
•Аккумулятордың сыйымдылығы шектеулі болуы мүмкін
•Күн панельдері күн шуағынсыз жұмыс істемейді
Мұндай сөмкелерді электроника заттарын сататын дүкендерден табу қиынға түспес.
Бас киім
EkoFlow компаниясы жаңа өнімі – қуаттағыш бас киімді таныстырды. Стильді дизайн және заманауи технологияларды біріктірген мобильді баскиімді әрқашан өзіңізбен алып жүре аласыз. Ол жеңіл, жұқа және икемді моноқұрылымды кремнийден жасалған күн элементтерімен жабдықталған. Power Hat құрылғысы USB-A және USB-C арқылы шамамен 12 Вт қуат береді. Соның арқасында гаджеттеріңізді күн көзі түсіп тұрған жерлерде қуатсыз қалдырмайды.
Артықшылықтары:
•Кез-келген жерде қуаттай алу
•Су және шаңға төзімділік
•Тез қуаттау (3-4 сағ)
Кемшіліктері:
•Күнге тәуелділігі
•Шектеулі қуат сыйымдылығы
•Бас киімнің қымбаттығы
Динамомашина
Ең қарапайым, бас ауыртпай, тек қолды қимылдататын қуаттағыш. Оған тоқ көзі де, күн көзі де, су да, жел де керек емес. Тұтқасын айналдырсаң болғаны, қуат өндіріліп, құрылғыға жинала береді. Керек кезде кез келген гаджетті жалғап, қауттандыра бересің.
Күн панельді пауэрбанк
Әрине, қосымша қуат көзі ретінде пауэрбанк алып жүру қазір ешкімге таңсық емес. Алайда, оның энергиясы да шексіз емес. Қуаты бітсе, алдымен өзіне тоқ көзі керек болады. Ал күннен қуат алатын панель орнатылған түрі болса, бұл мәселе де шешімін табады. Күн көзі түсетін жерге қойсаңыз болғаны, күш-қуатын бойына жинап, қажет уақытта әжетке жарауын күтіп тұрады.
Күн панельді динамомашина
Бұл құрылғыны алдыңғы екеуінің мүмкіндіктерін біріктірген қосындысы деуге болады. Әмбебап девайс. Күн көзі ашық болса, соның шуағына шомылып қуат жинайды. Ал бұлтты күндерде не ғимарат ішінде болғанда тұтқасын айналдырып, қуатты өз қолыңызбен өндіруге тура келеді. Бірақ бұл мүлде қуатсыз қалғаннан әлдеқайда жақсы.
Мини желдеткіш
Жел энергия көзі ретінде ежелгі заманнан бері қолданылып келеді. Оның көмегімен смартфон, басқа да гаджеттерді де зарядтауға болады. Дәлірек айтсақ, желді қуатқа айналдыратын мына бір мини желдеткіш арқылы.
Жел турбинасы
Міне, мини желдеткіштен де қуаттырақ нәрсе — нағыз жел турбинасы. 400 Вт дейін электр энергиясын өндіреді. Әрине, оны күнделікті өзіңмен бірге алып жүру ыңғайсыз. Бірақ ұзақ сапарға шыққанда немесе табиғат аясында демалғанда, егіс басында еңбек еткенде өзіңмен ала кетіп, орнатып қойып, игілігін көруге әбден болады.
Жылу электрогенераторы
BioLite CampStove портативті ас пісіргіш пешінің сыйлайтын мүмкіндігі тек табиғатта тамақ әзірлеумен шектелмейді. Оны орнатып, от жаққанда телефондарды, шамдарды және басқа құрылғыларды 3 Вт қуатпен зарядтайды.
Велосипедшілерге ыңғайлы қуаттағыш
Бұл да динамомашина түріне жатады. Бірақ оны қолмен емес, аяқпен айналдырамыз. Нақтырақ айтқанда, велосипед тебу арқылы. Осы құрылғыны велосипедке орнатып, қосасыз. Велосипед жүрген кезде ол педальдардың айналуы арқылы электр энергиясын өндіреді. Велосипедтің тұтқасына USB зарядтау ұяшығы орнатылады, ол дөңгелекке қыстырылған құрылғыға кабель арқылы жалғанады.
Тоқыма жібі
Бұл құрылғыны жасаушылар бізге гаджеттерімізді мысықтың көмегімен зарядтауды ұсынады. Мысықтар оралған жіпті домалатып, қуып ойнағанды ұнатады. Осыны ескерген өндірушілер домалақ жіп орамына генератор орнатқан. мысық оны домалатып ойнай бастаған сәтте тегін электр энергиясы өндіріліп, бойына жинала береді.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: