Үйіңізге ЗD ОШАҚ орнатқыңыз келе ме?

0
905

Қандай артықшылығы бар? Жылу бере ме әлде жай көрініс пе? Басқа да қызықтырған көп сұрақтың жауабы


Үйіңізге ЗD ОШАҚ орнатқыңыз келе ме?

Сурет: avatars.dzeninfra.ru

Жанып жатқан отқа ұзақ қарап отыру – ең тамаша терапиялардың бірі. Миды да, денені де тынықтыратын медитацияға айналдыру оп-оңай. Әсіресе, суық күнде тоңып және ауыр еңбектен шаршап келсең. Отқа жақындай түсіп, көз алмай біраз отырсаң, сәлден соң-ақ денең жылып, тұла бойың балқып, толықтай босаңси аласың. Мидағы қоқыстар мен артық ақпараттар қағазша жанып, күлге айналғандай болады. Осыдан соң жалынның жан-жаққа жалмаңдаған тілдері ой орамдарын әр саққа алып кетеді. Көп жағдайда сен үшін ең жылы болған жерлерге, ең жағымды сәттерге, ең ыстық естеліктер мен ең жақын жандардың қасына...


Осындай тамаша от-терапиясын өзіңізге күн сайын сыйлай аласыз. Ол үшін үйіңізде электрлі ошақ болса болғаны.

Жаңа технологияның барлық салалары секілді, электрошақ өндіру бағыты да тұралап тұрған жоқ. Үздіксіз алға жылжуының арқасында жаңашыл және қызықты идеялар өмірге келуде. Оның ар жағында жаңа ошақ түрлері де көп күттірмейді.

Осы саладағы технологтардың соңғы жаңалығы – ЗD әсері бар электрлі ошақ. Әмбебап үлгі және бірнеше функцияны қатар орындайтын құрылғы қызығушылыққа бірден ие болды. Алайда оның қалай жұмыс істейтінін, қауіпсіздік, үнем жағынан қаншалықты тиімді екенін жете білмегендіктен, сатып алуға жүрексінетіндер жетерлік. «Шын мәнінде жылу бөле ме әлде жай сән үшін жасалған бұйым ба?» деген сұрақ та көп көкейде туындайды.

3D-эффектілі камин – заманға сай әрі сәнді, талғаммен жасақталған интерьер үшін ең тиімді шешім. Үйіңізде алауошақ болғанын қалайсыз, бірақ оны орнатуға мүмкіндік болмаған жағдайда бұл – тамаша нұсқа. Орнатылған жүйенің ерекшелігі – оның негізінде арнайы бу генераторының болуы. Соның арқасында ошақтың бұл түрі түтін құбыры немесе басқа элементтерді орнатуды қажет етпейді.

3D көріністі алауошақтың электр қуатымен жұмыс істейтіні атауынан-ақ түсінікті. Құрылғы арнайы шамдармен жабдықталған, олардың көмегімен алау от көрінісі жасалады. Сондай-ақ, жанып жатқан отын дыбысын шығаруға қабілетті.


Сенсорлы панель не смартфон арқылы басқару


3D-эффектілі каминдердің негізгі артықшылықтарының бірі – көптеген функцияларды атқара алуы. Ең инновациялық шешім – каминнің сенсорлы панелі. Оның көмегімен электрошақты оңай басқаруға және баптауға болады. Панельде орналасқан интуитивті түсінікті батырмаларды бір рет түрту арқылы жалынның түсін немесе биіктігін өзгертуге, дыбысты қосып-өшіруге өз қолыңда.

Каминді смартфон арқылы қашықтан басқаруға да болады. Сондай-ақ, құрылғы «ақылды үй» жүйесіне қосылады. Оның көмегімен электрлі ошақтың жұмысын толық бақылап, автоматты түрде қосу және өшіруді, басқа да функцияларын уақытқа байланысты баптау мүмкіндігі бар.


Орнату оңай, керегі – тек розетка

Сонымен қатар, олар көп орын алмайды. Орнату да оп-оңай. Дәстүрлі каминге негіз қажет болса, электрлі нұсқасын орнатуға мұндай талап қойылмайды. Құрылым жеңіл, еденге ауыр салмақ салмайды. Бұл оны кез келген үйге қолдануға мүмкіндік береді.

Егер каминді жалғауға арналған электр сымын жүргізбеген болсаң, бұл да мәселе емес. Бу каминін кез келген бөлмеге орнатуға болады. Ол кез келген басқа электр құрылғысы сияқты розеткаға қосылады. Бу каминінің электр энергиясын тұтынуы үнемді деуге болады, бар болғаны 86 ватт.


Интегралды ауа ылғалдандырғыш

Қыста жылу батареялары іске қосылғанда, олар ауаны құрғатып жібереді. Әдетте 40-70 пайыз болуға тиіс ауа ылғалдылығы мұндайда 25%-дан аспайды. Құрғақ ауа адамның терісіне, көз бен мұрынға, тамаққа және өкпеге теріс әсер етеді, сондай-ақ аллергияны күшейтуі мүмкін.

Денсаулықты сақтаудың маңызды бөлігі – ауа ылғалдылығын оңтайлы деңгейде ұстау. Сондықтан бу генераторы орнатылған каминде ауа ылғалдандыру функциясы бар. Ол тек ауаны ылғалдандырып қана қоймай, қажетті температураны сақтап, шаң мен микробтардан тазартады.


Күтімі күрделі емес


Тағы бір артықшылық – мұндай каминдерге күтім жасаудың жеңілдігі. Дәстүрлі модельдер арнайы құралдармен тұрақты түрде тазаланып тұруы қажет болса, 3D-эффектілі электр каминін тазалау көп әуреге салмайды. Уақыт өте суын ауыстыру мен бу генераторын щеткамен тазалаудан басқа ештеңе қажет емес.

Биокаминмен салыстырғанда, бу каминіне қымбат отын сатып алу қажет емес. Себебі оған керегі – таза су ғана. Каминді қарапайым сумен оңай және тез толтыруға болады. Бір рет толтырылғанда 16 сағатқа дейін жұмыс істей алады.

Күнделікті үздіксіз қолданғанның өзінде, айына тек 2-3 рет қана су құю қажет болады.


Автоматты қауіпсіздік жүйесі

Қауіпсіздік – кез келген құрылғының ең маңызды аспектісі. Балалар жалынмен ойнағанды ұнатады, бірақ олар электрокаминнің қасында жүргенде алағдамауға болады. Жалын шынайы көрінгенімен және ошақ жылу шығарғанымен, ол суық болып тұрады. Сондықтан қолмен ұстағанда да күйіп қалу мүмкін емес. Каминде төтенше жағдайлардың орын алу мүмкіндігі жоқ, сондықтан ол ұзақ уақыт қызмет етеді.


Оттың дыбысы

Каминде жанып жатқан отынның сытырлаған дыбысын қосып, толықтай демалуға болады. Жалынның дыбысы тыныштандыратын әсер береді. Күйзеліс, ауыр ойлар мазалағанда каминнің жанында тынығып, тыныштануға басқа ешбір демалыс тең келмейді.


Стильді дизайн


3D-эффектілі электр камині дизайнерлік идеяларды жүзеге асыруға көмектеседі. Олар өте әсерлі көрінеді әрі жан-жақты ойластырылған. Сондықтан кез келген стильдегі интерьерге тамаша үйлеседі. Камин стильді және заманауи көрінеді. Жарқыраған сенсорлы панель, материалдардың эргономикасы, әрбір бөлшектің ойластырылуы бірегей интерьер жасауға көмектеседі. Оны кеңсеге, үйге, қонақ бөлмесіне, жатын бөлмеге немесе кабинетке орнатуға болады.


Сұлуынан – жылуы

3D-эффектілі каминдердің соңғы үлгілері декоративті элемент ретінде ғана емес, суық қыста бөлмені жылыта да алады. Бұл жүйелерде жылу беруді бақылауға арналған арнайы панель қарастырылған. Бу генераторы жұмыс барысында зиянды заттар шығармайды.

Мәселен, Royal Flame компаниясы шығарған Vision 23 LED FX Black – сәтті модельдердің бірі.Құрылғы 2000 Вт қуатымен орнатылады. Онда жалын көрінісінен бөлек, ағаштардың жанып жатқан дыбысы имитацияланады. Каминді өшірген кезде оттың да біртіндеп өшкенін, шоқ болып барып сөнгенін бейнелеу функциясы бар. Қолданушылар табиғиға өте ұқсас көрініс деп бағалаған. Бөлмені жылыту үшін алты түрлі деңгеде жұмыс істейді және жалынның жарықтығы да реттеледі.

Мұндай құрылғылардың қуаты айтарлықтай өзгеріп отырады. Бөлмені жылыту үшін әр 10 шаршы метрге кемінде 1 кВт қуат қажет.

Қазіргі заманғы ең жаңа технологияларды пайдалана отырып жасалған 3D жалынды электрлі және бу каминдері бүгінде трендтердің шыңында тұр. Ол әлі ұзақ уақыт бойы өз өзектілігін жоғалтпайды. Себебі, ең жаңа технологиялық мүмкіндіктерге ие болудың арқасында ол пайдаланушысына ең жоғары комфорт деңгейін ұсынады.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Электронды тіс щеткасын қолданып көріңіз, өкінбейсіз