TikTok арқылы танылып, ТАБЫС тапқыңыз келсе...

0
4 554

Ол – оңай, аздаған құпиясын білсеңіз...


TikTok арқылы танылып, ТАБЫС тапқыңыз келсе...

Бүгінде жоғары лауазымды қызметкерлер мен бизнесмендер ғана жетістікке жеткен, табысты тұлға саналмайды. Блогер, тиктокер сынды әуесқойлар да солардың қатарына енуде. Өйткені, көпшілікке танымал. Сөздері өтімді. Табысы да аз емес. Осыдан келіп әлеуметтік желілерде осындай кәсіп иелеріне айналғысы келетін жандар саны күн санап артуда. Алайда, бір қарағанда оңай көрінгенімен, бұл істің де жауапкершілігі мен өз қиындықтары, ережелері бар.


Егер TikTok арқылы табыс тапқыңыз келсе, оның кілті – танымалдылықта. Яғни, аталған желінің қолданушылары сізді қаншалықты жақсы танып, көп жазылып, жиі тамашалаған сайын, дәрежеңіз де өсе береді. Сәйкесінше, жарнама үшін алатын ақыңыз да еселенеді.

Ал енді жазылушы санын қалай арттырамын десеңіз, мына кеңестерді жасап көріңіз.


1. Видео түсіріңіз. Жиі түсіріп, жиі жариялаңыз. Әр туындыңыз ерекше болсын. Тіпті, елдің бәрі бірдей қайталап жатқан хит болған бейненің өзінде өзіңізге ғана тән бір айырмашылық болсын. Осылайша, желі алгоритмі сізді жеке дара танып, қолданушылар назарына да кеңінен ұсынатын болады. Тек TikTok-пен шектелмей, бейнебаяндарыңызды басқа да әлеуметтік желілер арқылы жарнамалаңыз.


2.Жылдам болыңыз. Жаңаға уақытылы ілесіңіз. Қазіргі уақытта өзгеріс те, жаңалық та тым жылдам тарап, жылдам ауысып тұрады. Бүгін хит болған видеоны түсіруді ертеңге қалдырмаған абзал. Өйткені, ертең ол ескірген болып саналып қалуы әбден мүмкін.


3.Хештегтерді ұтымды қолдана біліңіз. Кеңінен қолданылатын, адамдардың жадында жатталған, жиі ізделетін хештегтер тобы бар. Оларды қою арқылы сізді іздемеген, тіпті, әлемде сіздің бар екеніңізді білмейтін адамдардың көзіне түсіп, көңіліне орныға аласыз. Осындай танымалдарымен қатар, тек өзіңізге тән хештегтер де ойлап табыңыз. Бұл – сізді танитын, арнайы іздейтін жазылушыңыз оңай табуы үшін үлкен көмек.


4. Қолданушылардың басым көпшілігінің желіге кірудегі мақсаты – қызықты блогерлерді тауып, парақшасына жазылу емес. Жай ғана қызықты видео тамашалау. «Осыған жүрекше басып, коммент жазып, қолдайыншы» деген ой да өздігінен тумайды. Көбіне оларды ұмытып кетеді. Сондықтан, әр видеоңызда парақшаңызға жазылуды, лайк басып, пікір қалдыруды естеріне салып тұрған артық болмайды.


5.Жазылушыларыңызбен байланысқа түсіңіз. Ол үшін өз ой-пікіріңізбен бөліскен, сауал жолдаған видео түсіріңіз. Тікелей эфир жасаңыз. Тұрақты әрі белсенді оқырмандарыңызға лайк басыңыз. Пікірлерге жауап беріңіз. Осындай әстерге уақыт тауып, көңіл бөлсеңіз, сізді TikTok арқылы тамашалаушылар көп ұзамай дос не туысыңызға айналып кеткендей болады. Әрі аудитория қамту ауқымы да артады.


6.Жазылушылар арасында белгілі бір шарттармен ойындар ойнатып, бағалы сыйлықтар ұсынып тұрыңыз. Тек, бұл істе пайда табуды ғана көздеп, артық асауға ұмтылмау, ешкімге зияныңызды тигізбеу, адалдықпен атқару маңызды.


7.Басқа блогерлерге өзіңізге жарнама жасату да, өзара оқырман алмасу да танымал болудың бір жолы. Жанама сауатты әрі орынды жасалса, сапалы жазылушы да көптеп келеді.

Міне, осындай қарапайым ережелер бойынша желілік жұмысыңызды жүйелі түрде жасасаңыз, парақшаңызды сауатты жүргізсеңіз, танымалдылық та, табыс та көп күттірмейді.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Қосулы НОУТБУКТЫ қайда қоюға БОЛМАЙДЫ?