Жиналмалы смартфон, қос экранды ноутбук және т.б. – 2021 жылы ерекше гаджеттер жарыққа шығады

0
5 335

Технология әлемі күн өткен сайын кеңейіп, түрлі құрылғылар пайда болып жатыр.


Жиналмалы смартфон, қос экранды ноутбук және т.б. – 2021 жылы ерекше гаджеттер жарыққа шығады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

2020 жылы дүниежүзін коронавирус жалмап, өндіріс те тоқтап қалғандай еді. Бірақ, ірі технологиялық компаниялар мен шағын өндіріс орындары пандемияға қарамастан көптеген инновациялық гаджеттер шығару жоспарын тоқтатқан жоқ. Биыл да адамзат игілігі үшін ерекше құрылғылар жарық көреді. Солардың ішіндегі ерекше технологиялармен таныстыруды жөн көрдік.


2021 жылдың көптен күткен смартфондары.


iPhone

Биыл көптеген адам күтіп жүрген смартфондардың бірі – Apple компаниясының iPhone атты смартфонының жаңа сериясы нарыққа шығады. Бірақ, бұл iPhone 13 емес, iPhone 12s сериясының өзгеше үлгісі болуы мүмкін. Ашық дереккөздерге сүйенсек, iPhone-ның келесі түрі алдыңғы буынның дизайны негізінде жасалады: биіктігі мен ені өзгеріссіз қалады, бірақ корпус пен негізгі камера сенсорларының қалыңдығы артады. Apple компаниясы қазірдің өзінде экрандағы саусақ ізін сканерлеу қызметін сынақтан өткізіп жатқан көрінеді. Сонымен қатар, Apple компаниясы жиналмалы экранның прототипін жасап, оны жаңа смартфонның ерекшелігі ретінде қарастырмақ.


Galaxy S21 және Galaxy S21+

Жыл басында Samsung компаниясы 2021 жылдың басты жаңалығы ретінде смартфон ұсынды және ол нарыққа еніп, сатылымға шығарылды. Атап айтсақ, Galaxy S21 смартфоны 6,2 дюймдік, ал Galaxy S21 + үлкейтілген 6,7 дюймдік дисплей және қуатты батареямен жабдықталған. Смартфондар ерекше дизайнға және соққыларға төтеп беретін металл корпусқа ие. Оған қоса, камерасы да түрлі мүмкіншіліктермен ерекшеленеді. Толығырақ біліп, сатып алу үшін смартфон сауда сүкендеріне барсаңыз болады.


Samsung Galaxy Z Fold 3

2021 жылы Samsung компаниясы тағы да бір смартфон шығарып, оны жиналмалы экранмен жабдықтауды жоспарлап отыр. Күзде шығарылатын гаджет алғашқы буынына ұқсас болуы мүмкін, бірақ кейбір деректерде ол телефонның кей қызметтері күшейтіліп, дисплейінің астында көрінбейтін алдыңғы камера болады делінген.


LG-дан жиналмалы смартфон

LG компаниясы Consumer Electronic Show-2021 (CES) көрмесінде өзінің алғашқы "жиналмалы" смартфонын ұсынды. Қолданушы ол телефондағы дисплей түймесін басқан кезде смартфонның дисплейі екіге бөлініп, үлкейеді. Яғни экранды кішірейтуге немесе үлкейтуге болады. Дегенмен, ол құрылғының сипаттамасы мен бағасы әлі белгісіз. Бірақ, компания ол гаджетті сатылымға биыл шығаруды жоспарлап отыр.


Nokia 1.4

Жыл жаңалықтарының тізіміне Nokia 1.4 бюджеттік смартфонын да қосуды жөн көрдік. Өйткені, бұл арзан бағаға жаңа смартфон алғысы келетіндер үшін тамаша таңдау. Оның үстіне, Nokia компаниясы алғаш рет саусақ ізін сканерлейтін смартфонын шығарғалы отыр. Бірақ, бұл құрылғ 1 ГБ қана жедел және 16 ГБ флэш-жадпен жабдықталады. Сосын, түсіру мүмкіншілігі 8 және 2 Мп болатын негізгі екі камерасы, 5 Мп селфи камерасы болады.


Ноутбук, ойын құрылғысы және құлаққап


ASUS ZenBook ноутбугы

2021 жыл ASUS компаниясы үшін ерекше болмақ. Себебі, өндіруші компания биыл ZenBook сериясының бірнеше жаңа ноутбуын шығарады. Олардың ішінде екі экраны бар ZenBook Pro Duo 15 OLED және ZenBook Duo 14 бар. Тіпті, бұл ноутбук жобасы CES 2021 көрмесінде Innovation Award сыйлығын еншілеп үлгерді.

Айта кетсек, компания екінші экран ретінде ASUS ScreenPad Plus сенсорлық дисплейін қолданған. Ол оқуға ыңғайлы және автоматты иілу механизмімен жабдықталады.


Xbox

Microsoft корпорациясы 2020 жылдың желтоқсан айының соңында АҚШ патенттер және тауар белгілері бюросына Xbox Series XS сауда маркасын тіркеген. Демек, 2021 жылы Xbox ойын құрылғысының жаңартылған үлгісі жарыққа шығып, қолданушыларын қуантады деген сөз.


Samsung Galaxy Buds Pro

Samsung компаниясы Galaxy Buds Pro "ақылды құлаққабын" да ұсынды. Олардың басты артықшылығы — кәсіби дыбыс және өзге шуды жоюдың ақылды технологиясы. Сондай-ақ, құлаққаптарда Ambient Sound режимі болады, ол 20 дБ дейінгі дыбыстарды күшейтеді, және жұмыс уақытын ұзартады. Бұл құрылғыны қазір де сатып алуға болады.


Apple-дің сымсыз құлаққабы

Apple компаниясы биыл AirPods және AirPods Pro құлаққабының екінші буынын шығаруды жоспарлап отыр. AirPods 3 құлаққабы AirPods Pro-дан қысқалау болады.


«Ақылды» сағаттар


Apple Watch Series 7

2021 жылы Apple тағы да жаңа сағат шығарады. Ол Apple Watch Series 7 атауын алуы мүмкін. Ол сағатта бауға, Touch ID саусақ ізі сенсорына және т.б. жерлеріне орналастырылатын ондаған кішкентай батареялар болады деп жоспарланған.


Xiaomi Mi Band 6

Xiaomi компаниясы биыл Mi Band 6 деп аталатын қол жетімді спорттық сағаттың тұсауын кесіп, нарыққа шығармақ. Ол гаджет 1,3 дюймдік OLED түсті экранмен, смартфондарға қосылуға арналған Bluetooth 5.1 le модулімен, жаңартылған сенсормен, физикалық белсенділік пен ұйқының сапасын бақылауға арналған сенсормен, пайдаланушының қандай биіктікке көтерілгенін анықтауға мүмкіндік беретін барометрлік алтиметрмен және т.б. бөлшектермен жабдықталуы мүмкін.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Экранның қорғаныс қабатын АЛЫП-САЛУДЫ үйреніңіз


Батареясы «ӨЛМЕЙТІН» телефон іздеп жүрсіз бе?