Бүкіл әлемге танымал криптовалютаның дүмпуі Қазақстанға да жетті. Жұрт ақырындап қызығушылық таныта бастады. Кей адамдар криптовалюта бағасының күн санап өскеніне қарап, «қап, неге кезінде сатып алмадым екен?» деп бармақ тістеп қалды. Бірақ бұл валютаның шын мәнінде не екенін көпшілігі білмейді де.
Бүкіл әлемге танымал криптовалютаның дүмпуі Қазақстанға да жетті. Жұрт ақырындап қызығушылық таныта бастады. Кей адамдар криптовалюта бағасының күн санап өскеніне қарап, «қап, неге кезінде сатып алмадым екен?» деп бармақ тістеп қалды. Бірақ бұл валютаның шын мәнінде не екенін көпшілігі білмейді де.
Өкініштісі, елімізде бұл валюта түрі заңмен реттелмеген және мойындалмаған. Мысалы ҚР Ұлттық банкі криптовалютаға қатысты бейтарап көзқарас ұстанып отыр.
Таяуда Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков банктің бүгінде криптовалюта нарығын реттеуге тырысып жатқанын айтты.
«Негізі, криптовалюта мәселесін кеңінен қарастыру қажет. Себебі әлем бойынша нақты ұстаным жоқ. Біреулер қолдап жатыр, енді біреулер тыйым салып отыр. Алайда бір нәрсе анық, криптовалютаны ақша ретінде қарастыруға болмайды. Бұл - қаржылық өнім, теxнология. Бірақ төлем мен айырбас құралы емес. Біз осыны зерделеп жатырмыз. Криптовалютаны ақшаның баламасы ретінде емес, қаржылық теxнология ретінде қарастыруға болады деп санаймыз. Осы балансты сақтауға тырысамыз», - деп атап көрсетті О.Смоляков.
Қазірдің өзінде 7 миллион теңгеден астам сомаға бақылау жүргізілген. Осының өзі криптовалютамен айналысуға шектеу болады деген жоспар бар.
Дегенмен, криптовалютадан қауіптеніп, дабыл қағып отырған мамандар да жоқ емес. Айталық, «Астана» ХҚО цифрлық технологиялар жөніндегі директоры Әсел Жиенбаева криптовалюта нарығын тездетіп бақылауға алуға кеңес береді.
«Бүгінде Қазақстанда көп адамдар пәтерлерін, көліктерін сатып, ақшаларын жоғалтып жатыр. Неге? Себебі криптовалюта нарығын дұрыс білмейді. Сол білімсіздіктен халық шығынға батты. Сондықтан Ұлттық банк теледидар арқылы, газеттер арқылы қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын, әсіресе, криптовалютаға қатысты білімін көтеріп отыруы қажет. Себебі алаяқтар адамдарды алдайды», - дейді Ә.Жиенбаева.
Оның айтуынша, криптовалюта нарығын тездетіп бақылауға алу қажет. Әйтпесе, алданған азаматтардың наразылығы күшейіп кетуі әбден мүмкін.
«Мен өзім криптовалюта нарығын реттеу керек деп санаймын. Себебі бүгін «биткоин», ертең тағы бірдеңе шығады. Мысалы, Австралияда криптовалютаға рұқсат берді. Алайда мемлекет тарапынан қадағалап отырады. Сондықтан Ұлттық банк осы саланы қадағалап, тиісті реттеу нормаларын жасау керек. Қандай компаниялар келе алады? Аккредитация қандай болады? Әйтпесе мен де қазір өз криптовалютамды өтірік шығарып, қарапайым халықтың ақшасын жинап, басқа елге көшіп кете аламын. Бітті. Одан кейін мені кім табады? Сондықтан қазір Ұлттық банкке осы мәселемен айналысу қажет. Себебі ертең үлкен шу болады», - деп атап көрсетті Ә.Жиенбаева.
Дабыл қағып отырған қаржы мамандары ғана емес. Халық қалаулылары да криптовалюта нарығын тездетіп бақылауға алуды талап етуде.
Депутат Глеб Щегельский бұған дейін криптовалюта нарығын бақылауға қатысты екі рет депутаттық сауал жібергенін айтады. Себебі алданған азаматтар үлескерлер сияқты мемлекеттен көмек сұрауы әбден мүмкін.
«Сол кезде Ұлттық банк қайтадан ақша сұрайды. Депутаттар болса, xалықты аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болады. Қазір Ұлттық банк криптовалютаны кеңінен қарастыру қажет деп жатыр. Оны кеңінен қарастырып қайтеміз? Қазірдің өзінде Қаржы министрлігі көз алдымызда криптовалютаға майнинг жасап жүр. Енді, оларды не үшін жауапкершілікке тартатынымызды білмейміз. Себебі нақты заңнама жоқ», - деді Г.Щегельский.
Депутат Гүлжан Қарағұсова да аталған мәселені тездетіп шешу керек екенін ескертті.
«Қазірдің өзінде біз қабылдау өткізгенде, криптовалютаға қатысты арыздар түсіп жатыр. Осының өзі проблеманың ушығып бара жатқанын көрсетсе керек», - деп атап көрсетті Г.Қарағұсова.
Депутаттың айтуынша, криптовалюта нарығы бақылауға алынбаса да, қазақстандықтар оны айырбас құралы ретінде пайдаланып жүр.
"Астананы бір айналып өтсеңіз, криптовалютаның айырбас құралына айналғанын көресіз. Оны қабылдайтын сауда ұйымдары да бар. Көлік саудасы ғана емес, кейбір мейрамxаналарда да қызмет үшін криптовалютаны алады. Сондықтан оны мойындаймыз ба, жоқ па, қазір криптовалюта айналымы бар. Аталған валютаны төлем құралы ретінде де, жинақ ретінде де пайдаланады", - деп атап көрсетті Г.Қарағұсова.
Сондықтан, біз бұл валюта түрін қанша жерден мойындамай, заңмен реттемей, мән бермеуге тырыссақ та, ол Қазақстан нарығындағы өз орнын алып үлгерді. Енді оған қатысты заң шығарып, қатаң бақылауға алмаса, алданған адамдар саны көбейіп, кесірі қаржылық сауаты төмен қарапайым халыққа тиюі мүмкін.