1 қыркүйекте Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы жұмысын бастайды

0
5 129

1 қыркүйектен бастап 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру басталады.


1 қыркүйекте Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы жұмысын бастайды

ERNUR.KZ. 1 қыркүйекте Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы жұмысын бастайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біз тәрбие жұмысының рөлін күшейтуге көп көңіл бөлеміз. Сондықтан, бұл жұмыста біз үшін ата-аналардың қолдауы өте маңызды. Осыған байланысты биыл 1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ұйымдарында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы жұмысын бастайды. Олардың басты басымдықтары – балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара іс-қимылы бойынша жұмысты күшейту және ата-аналардың позитивті мәдениетін дамыту. Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы білім саласына қатысты бірқатар негізгі міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда, патриотизмді, білімпаздықты, нағыз маман болуды, үнемшілдікті, еңбекқорлықты қалыптастыру», - деді министр Білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде.

Оның атап өтуінше, «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізілуде. 1 қыркүйектен бастап 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру басталады.

Ол жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған және 5 млн білім алушыны, сондай-ақ ата-аналар мен жұртшылықты қамтиды.

Биыл алғаш рет білім алушылармен тәрбие бағдарламасында оқыту үшін Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Қорғаныс министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері тартылады.

«Біз оқу сауатының рөлін күшейтуге, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында кітап арқылы тәрбиелеуге көп көңіл бөлеміз. Қазір білім беру ұйымдарында көркем әдебиет қоры 3,7 млн данаға ұлғайды және жүйелі түрде дами бермек. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Балалар кітапханасы» жобасы іске асып жатыр. Оның шеңберінде мектеп кітапханаларының қорын отандық және әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерімен толықтыру жоспарлануда. Бұл жоба ұлттық құндылықтар негізінде балаларды тәрбиелеуге және жалпы кітапқа деген қызығушылықты оятуға бағытталған», - деді Ғани Бейсембаев.

Ол бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салты қағидаттарын қалыптастыру үшін министрлік спорттың 10 түрі бойынша мектеп және студенттер лигаларын, сондай-ақ қысқы, жазғы гимназиаданы, республикалық көп деңгейлі жарыстар мен турнирлер өткізетінін айтты.

«Тоғызқұмалақ, Асық ату ұлттық спорт түрлерін дамытудамыз. Тек биыл ғана Ұлттық мектеп лигасы аясында 2 млн-нан астам оқушының қатысуымен 39 жарыс өткізілді, 800-ге жуық оқушы ХІ қысқы гимназиадаға қатысты», - деді ол.