ERNUR.KZ. Жетісу облысы Қаратал ауданы Үштөбе қаласында жергілікті блогер Дмитрий Перлов ұсталды, деп жазады Stan.kz.
Блогер қала тұрғындарына арналған үйлерді салумен айналысатын кәсіпкерден бұрын түсірілген сапасыз құрылыс туралы бейнероликті, әлеуметтік желідегі өз парақшасынан өшіру үшін және бұдан былай бейнематериалдарды жарияламауға әрі таратпауға уәде бере отырып, 10 млн теңге бопсалады деп күдіктелуде.
"Жетісу облысы полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық прокуратураның үйлестіруімен, күдіктіні талап етілген ақшалай қаражаттың бір бөлігі, яғни – 7 млн теңгені алу кезінде қылмыс үстінде ұстады. Аталған факт бойынша бопсалау бабымен қылмыстық іс қозғалды”, – делінген полицияның хабарламасында.
Тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралуда. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды.