Ақылды су есептегіштер: ҚР ӨҚМ өкілдері оларды ауыстыру және төлем жасау тәртібін түсіндірді

0
69

Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыруға бағытталған бірыңғай Smart Turmys платформасы құрылып жатыр.


Ақылды су есептегіштер: ҚР ӨҚМ өкілдері оларды ауыстыру және төлем жасау тәртібін түсіндірді
ERNUR.KZ. Оның негізгі мақсаты – салаға қатысушылар арасындағы ақпараттық алшақтықты жою, абоненттер мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы бірыңғай әрі сенімді деректер базасын қалыптастыру, коммуналдық қызметтер үшін есеп айырысу мен төлемдердің ашықтығын арттыру. Сондай-ақ табиғи монополия субъектілері мен бірыңғай есеп айырысу орталықтарының өзара іс-қимылын автоматтандыру көзделген. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, бұл бағыттағы негізгі міндеттердің бірі – цифрландыру және Су кодексінің талаптарына сәйкес көрсеткіштерді қашықтан беретін есептеу құралдарын жаппай енгізу.

«Цифрлық технологияларды қолдану желілер мен жабдықтардың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға, судың ағып кетуін жедел анықтауға, апаттардың алдын алуға, су тұтыну көлемін талдауға және коммуналдық инфрақұрылымды басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді ол.

Алғашқы кезеңде есептеу құралдарын орнату және автоматтандыру жұмыстарына 25 қаладағы табиғи монополияның 32 субъектісі енгізілген. Қазір жалпы сомасы 54 млрд теңгені құрайтын 32 өтінім берілген. Сонымен қатар бұл жұмыстарды тағы 62 су арнасы бойынша жүргізу мәселесі қарастырылып жатыр.

«Бүгінде халықты ең көп алаңдататын мәселелердің бірі – ақылды су есептегіштерді енгізу. Ең алдымен, көрсеткіштерді қашықтан беру жүйесіне көшу қолданыстағы барлық есептегішті бір мезетте міндетті түрде ауыстыруды талап етпейтінін атап өткім келеді. Егер орнатылған есептеу құралы жарамды болса, тиісті тексеруден өткен және пайдалану мерзімі аяқталмаған болса, оны мерзімінен бұрын ауыстырудың қажеті жоқ», – деді Бақытжан Жүнісбеков.

Сонымен қатар спикер пайдалану мерзімі мен салыстырып тексеру аралығын ажырата білу керектігін атап өтті. Салыстырып тексеру құралдың өлшеу дәлдігін растайды, алайда өндіруші белгілеген пайдалану мерзімін ұзартпайды. Жаңа есептегіш орнатылған кезде, оның ішінде істен шыққан немесе пайдалану мерзімі аяқталған құралды ауыстырғанда, көрсеткіштерді қашықтан беру талаптары ескерілуге тиіс.

Есептеу құралдарын ауыстыруға жұмсалатын шығындар оның кімге тиесілі екеніне және ауыстыру себебіне байланысты. Егер жеке есептегіш істен шықса немесе пайдалану мерзімі аяқталса, оны ауыстыру шығынын меншік иесі көтереді. Ал қызмет көрсетуші ұйымның іс-шаралары немесе жаңғырту бағдарламалары аясында есептегіштер ауыстырылса, шығындарды сол ұйым қаржыландырады.

«Ақылды есептегіштердің халық үшін басты артықшылығы – көрсеткіштерді ай сайын өз бетінше тапсырудың қажеті жоқ. Деректер автоматты түрде беріледі. Жалпы, коммуналдық шаруашылық мәселелері мемлекет бақылауында. Халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданып жатыр», – деп түйіндеді комитет төрағасы.