​116 ЖАСТАҒЫ АБЫЗ АНА ДАУЫС БЕРДІ

0
75

Түймегүл әже елдегі маңызды қоғамдық-саяси науқаннан шет қалмай, өзінің азаматтық ұстанымын білдірді.


​116 ЖАСТАҒЫ АБЫЗ АНА ДАУЫС БЕРДІ

ERNUR.KZ. Ғасырдан астам ғұмыр кешкен Түймегүл Темірбаева Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады. Ол – Ұлытау облысы, Қызылжар ауылының тұрғыны. 1910 жылы дүниеге келген ақ жаулықты әже биыл 116 жасқа толды.


Түймегүл әже елдегі маңызды қоғамдық-саяси науқаннан шет қалмай, өзінің азаматтық ұстанымын білдірді. Бұл – ел болашағына деген жауапкершіліктің жарқын көрінісі әрі кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық іс.

Түймегүл әже өмірінің басым бөлігін отбасына және адал еңбекке арнаған. Жұбайы Аязбай Темірбаевпен бірге жылқы бағып, маңдай терімен еңбек еткен. Бүгінде ол 15 немере мен 25 шөберенің ардақты әжесі.

Кейуананың айтуынша, ұзақ жасаудың сыры – адал еңбек, ақ ниет және жақын адамдарға деген сүйіспеншілікте. Бұған дейінгі сұхбаттарында Түймегүл әже әлі де үй шаруасына араласып, құрт жайып, қолынан келген тірлігін жасап жүретінін айтқан.

Дауыс беру сәтінде ақ жаулықты әже елге деген ізгі тілегін білдіріп, ұрпағының амандығын, елдің тыныштығын және Қазақстанның болашағының жарқын болуын тіледі.

«Ұрпағымыз аман болсын, еліміз тыныш болсын. Елдің болашағы жарқын болсын», – деп ақ батасын берді.