1,3 млн теңге: Мәдениет министрлігі Токио Олимпиадасы кезінде тиімсіз жұмсалған қаражатты ел бюджетіне қайтарды

0
495

Қазақстан құрамасы Токиода өткен 2020 жылғы Олимпиада ойындарынан алтын медальсіз қайтқан еді.


1,3 млн теңге: Мәдениет министрлігі Токио Олимпиадасы кезінде тиімсіз жұмсалған қаражатты ел бюджетіне қайтарды

ERNUR.KZ. Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитеті 2020 жылғы Токио Олимпиадасы кезінде тиімсіз жұмсалған қаражатты ел бюджетіне қайтарып берді, деп жазады Stan.kz.

Ақпаратқа сүйенсек, 2021 жылғы желтоқсанда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Токиодағы 2020 жылғы Олимпиада ойындарына дайындыққа бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргізген.

Мемлекеттік аудит барысында бірқатар бұзушылықтар анықталған. Осыған байланысты, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне республикалық бюджет кірісіне 1 329,9 мың теңге сомасындағы қаражатты өтеу және қаржылық тәртіпті нығайту бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Оның ішінде ведомстволық бағынысты ұйымдармен жасалған шарттардың мазмұнын қайта қарау және олардың сандық және сапалық сипаттамаларын көрсете отырып, сатып алынатын көрсетілетін қызметтер тізбесін нақтылау арқылы жүзеге асырылады.

"Бүгінгі күні республикалық бюджетке 1 329,9 мың теңге сомасындағы қаражат өтелді, сондай-ақ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті 2022 жылға арналған шарттарды жасасу кезінде техникалық өзіндік ерекшеліктерді сәйкестікке келтірді", - делінген мәлімдемеде.

Еске салайық, Қазақстан құрамасы Токиода өткен 2020 жылғы Олимпиада ойындарынан алтын медальсіз қайтқан еді. Құрама қоржынында 8 қола медаль. Дүбірлі додадан кейін Токио Олимпиадасын Қазақстан тарихындағы ең төменгі нәтиже көрсеткен бәсеке деп атағандар көп болды.

Токиодан жүлдемен оралғандар:

Дзюдо – Елдос Сметов
Ауыр атлетика – Игорь Сон және Зульфия Чиншанло
Бокс – Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов
Еркін күрес – Нұрислам Санаев
Каратэ – Дархан Асаділов
Каратэ – Софья Берульцева.

Бұған дейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрама нәтижесін “бөлінген қаражатқа сәйкес келмейді деп” сынап, Токио Олимпиадасына бөлінген қаржыға тексеріс жүргізуді тапсырған.