​КАРЬЕРА мен мол ТАБЫС үшін қай ТІЛді үйренген тиімді?

0
273

Сауда саласында – түрік, робототехникада – жапон, мұнай-газда – араб тілі маңызды. Ал бизнестің құпиясы – неміс тілінде


​КАРЬЕРА мен мол ТАБЫС үшін қай ТІЛді үйренген тиімді?

Сурет: ЖИ

Жұмыс іздеушілердің басым көбі түйіндемедегі «шет тілі» бағанын біркелкі толтырады. «Қазақ тілі – еркін, орыс тілі, ағылшын тілі – сөздікпен» деп келеді әдетте.

Алайда, бүгінгі таңда шет тілін білу – түйіндемедегі жай ғана міндетті жол емес. Қазір тіл білу мансап биігі мен табыс көлеміне тікелей әсер етеді. Шет тілін еркін меңгерген маманға халықаралық компаниялар есігін айқара ашады. Түрлі саладағы жолың кеңейе түседі. Бірақ шет ел тілін де мақсатыңа сай таңдай білу керек.


НЕМІС ТІЛІ – инженерия мен бизнес тілі

Германия әлемдегі ең ірі экономикасы дамығандар қатарында. Неміс компаниялары өз тілінде сөйлейтін мамандарды белсенді түрде жұмысқа алады. Бұл әсіресе инженерлік мамандықтарға, өндіріс, автомобиль жасау және фармацевтика салаларына тікелей қатысты.

Жұмысқа орналасу жағынан неміс тілі – Еуропадағы ең сұранысқа ие тілдердің бірі. Егер болашақта еуропалық құрылымдарда жұмыс істеуді көздесең, неміс тілі курсына кеткен уақыт пен қаржы өзін толық ақтайды. Тек ол жақта тіл деңгейін өте қатаң тексереді. Goethe-Institut сертификаты немесе соған тең құжат жұмысқа қабылдау туралы шешімге тікелей әсер етеді.


ҚЫТАЙ ТІЛІ – экономикалық өсім тілі

Қытай тіліне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Қытай – көптеген елдер үшін ең ірі сауда серіктесі. Сондықтан қытайша сөйлейтін мамандар сауда, логистика, қаржы және дипломатия салаларында аса жоғары бағаланады.

Шынын айту керек, қытай тілін үйрену оңай емес. Иероглифтер, дыбыс ырғағы және мүлде өзгеше грамматика. Бірақ дәл осы қиындығына байланысты нарықта мұндай мамандар аз. Сәйкесінше, мансаптық болашағы өте жоғары. Қытайлық серіктестермен жұмыс істейтін компаниялар тіл білетін маманға орташа нарықтық бағадан әлдеқайда көп жалақы төлеуге дайын.


ФРАНЦУЗ ТІЛІ – дипломатия мен мәдениет тілі

Француз тілі БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕО сияқты халықаралық құрылымдарда әлі де маңызды рөл атқарады. Дипломатия, халықаралық құқық және мәдени ұйымдарда мансап құрғысы келетін студенттер үшін бұл — негізгі тілдердің бірі. Сонымен қатар ол Франция, Бельгия, Швейцария және экономикасы қарқынды дамып келе жатқан бірқатар Африка елдерінің еңбек нарығына есік ашады.


ИСПАН ТІЛІ – алып нарықтың кілті

Испан тілі — сөйлеушілер саны бойынша әлемде екінші орында тұрған тіл. Испанияда ғана емес, Латын Америкасының басым бөлігінде және АҚШ-тың біраз аймағында қолданылады. Халықаралық маркетинг, туризм, медиа және құқық салаларында испан тілі жүздеген миллион халқы бар нарыққа жол ашады.

Испан тілі үйренуге ең жеңіл тілдердің бірі саналады. Әсіресе ағылшын немесе француз тілінен базалық білімің болса, тіпті оңай. Бұл уақытты тиімді инвестициялаудың тамаша жолы. Нәтижесі тез көрінеді, ал мүмкіндіктер аясы бірден кеңейеді.


ЖАПОН ТІЛІ – робототехникада сұранысқа ие

Жапон тілі электроника, робототехника және автомобиль жасау саласындағы жапон корпорацияларымен жұмыс істегісі келетіндерге ауадай қажет. Жапондар үшін бұл аса маңызды. Ол жақта тіл білу жай ғана қолайлылық емес, серіктестің іскерлік мәдениетіне деген құрметтің белгісі.


КОРЕЙ ТІЛІ – сұлулық саудагерлеріне қажет

Корей тіліне деген қызығушылық корей поп-мәдениетімен, технологиялық алпауыттармен және Оңтүстік Корея өнімдерінің танымалдығымен бірге өсті. Корейше білетін мамандар IT, косметика индустриясы, медиа және халықаралық саудада өз орнын оңай табады.


АРАБ ТІЛІ – үлкен мүмкіндіктер аймағы

Араб тілі Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың үлкен аймағын қамтиды. Мұнай-газ саласы, құрылыс, қаржы және дипломатия бағыттарында араб тілін білу жалақының өсуіне және лауазымның жоғарылауына оң әсер етеді. Бұл тілді меңгерген мамандар санаулы, ал халықаралық компанияларда оларға деген сұраныс тұрақты.


ТҮРІК ТІЛІ – қарқынды дамушы нарықтар

Түрік тілі сауда, құрылыс және туризм саласында Түркия нарығымен байланыс орнатқысы келетіндер үшін өте тиімді. Түркия – аймақтық экономикадағы белсенді ойыншы. Ал олардың тілін білу ұзақмерзімді іскерлік қарым-қатынас құруға көмектеседі.


ПОРТУГАЛ ТІЛІ – испан тілінен кем түспейді

Бразилия – әлемдегі ірі экономикалардың бірі, сондықтан Латын Америкасы бағытындағы мансап үшін португал тілі испан тілінен еш кем түспейді. Жақсы меңгерсеңіз, Португалия, Бразилия және бірқатар Африка елдері нарығының қақпасын айқара ашады.


АҒЫЛШЫН ТІЛІ – әлемдік басты стандарт

Халықаралық ортада жұмыс істегісі келетін кез келген маман үшін ағылшын тілі – міндетті талап. Онсыз ірі компанияға сұхбатқа өту, қызметте өсу немесе шетелдегі филиалға ауысу өте қиын.

Ағылшын тілін B2 және одан жоғары деңгейде меңгеру IT, қаржы, логистика, маркетинг және құқық салаларында жол ашады. Бұл бағыттарда тіл — артықшылық емес, базалық шарт. Шетелдік серіктестермен жұмыс істегің келсе, ағылшынсыз ешқайда бара алмайсың. Бірақ бір ескеретін жайт, қазір ағылшын тілін білумен ешкімді таңғалдырмайсың. Жұмыс берушілер оны онсыз да күтеді. Ал өзгелермен бәсекеге түсу, оқ бойы озық болу үшін екінші, үшінші шет тілдері қажет.

Ең бастысы, тіл үйренуді нақты бір мансаптық мақсатқа байлап үйрен. Сол кезде оқу процесі әлдеқайда жылдам әрі мағыналы жүреді. Екінші бір маңызды нәрсе – ақын Қадыр Мырза Әлінің «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» қағидасын есте ұстау.

Дайындаған: Т. СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Үйдегі ЖЫЛУ БАТАРЕЯЛАРЫ сіздің СҰЛУЛЫҒЫҢЫЗҒА қарсы әсер етеді

ПЕДАГОГта болуы тиіс 10 кәсіби дағды: СІЗДЕ қайсысы жоқ – тексеріп көріңіз

Паспорттағы емес, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖАСыңыз қаншада?