​2026-2028 жылдары еліміздің 100 мың шаршы шақырым аумағы зерттеледі

0
103

Үкімет отырысында геология және жер қойнауын пайдалану саласын дамыту, цифрландыру шаралары, сонымен қатар халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып жатыр.


​2026-2028 жылдары еліміздің 100 мың шаршы шақырым аумағы зерттеледі

Фото: pexels.com

ERNUR.KZ. Ел аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелуі 2 млн 200 мың шаршы шақырымға дейін кеңейтіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан айтты, деп жазады inform.kz.

— Президент тапсырмасы бойынша келесі жылы ел аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелуін 2 млн 200 мың шаршы шақырымға дейін кеңейту көзделген. Бүгінде 2 млн 14 мың шаршы шақырым аумақ зерттеліп отыр. Жыл соңына дейін бұл көлем 2 млн 38 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайтылады. Перспективалы учаскелерді ерте анықтау және барлау тиімділігін арттыру мақсатында зерттеу жұмыстары неғұрлым нақты масштабта, яғни 1-50 000 масштабында жүргізілмек, — деді вице-министр.

Оның айтуынша, аталған тәсіл бойынша 2026-2028 жылдары 100 мың шаршы шақырым аумақ зерттеледі. Одан кейін жыл сайын 30 мың шаршы шақырым зерттеу жоспарланған.
— Жұмысты жеделдету үшін 20 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге Үкімет резервінен 240 млн теңге бөлініп, геологиялық түсірудің жаңа стандарттары бекітілді. Аталған жұмыстарды Ұлттық геологиялық қызмет, «Центргеолсъемка», Сатбаев атындағы Ғылым‑технологиялық институт және тәжірибелі мамандардан құралған консорциум бірлесіп жүзеге асыруда. Жұмыс барысында «Тау‑Кен Самұрық» қатысуымен әуе-геофизикалық, геохимиялық және цифрлық технологиялар қолданылатын болады. Келесі жылға кешенді зерттеу мен сейсмо-барлауға шамамен 44 млрд теңге қарастырылды, — деді ол.
Айта кетейік, Үкімет отырысында геология және жер қойнауын пайдалану саласын дамыту, цифрландыру шаралары, сонымен қатар халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып жатыр.