2026 жылы әлеуметтік-еңбек саласына бюджет шығыстары 15,1%-ға өсті

0
100

Көзделген шығыстардың 99,3% немесе 6 трлн 783 млрд азаматтарға әлеуметтік төлемдерге бағытталады.


2026 жылы әлеуметтік-еңбек саласына бюджет шығыстары 15,1%-ға өсті

ERNUR.KZ. Жалпы 2026 жылы әлеуметтік-еңбек саласына республикалық бюджеттің шығыстары 6 трлн 833 млрд теңге мөлшерінде қарастырылған, бұл 2025 жылғы шығыстардан 15,1%-ға немесе 897,7 млрд теңгеге артық. Әлеуметтік-еңбек саласына жұмсалатын шығыстар ЖІӨ-ге қатысты 3,7%, ал республикалық бюджетке - 24,6% құрайды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Көзделген шығыстардың 99,3% немесе 6 трлн 783 млрд азаматтарға әлеуметтік төлемдерге бағытталады. Оның ішінде 4 трлн 890 млрд теңге зейнетақымен қамсыздандыруға қарастырылған, бұл 2,6 млн зейнеткерді қамтуға, 1 трлн 893 млрд теңге – барлық жәрдемақыларды төлеуге мүмкіндік береді, бұл шамамен 2,3 млн адамды қамтуға мүмкіндік береді.

Қалған қаражат мүгедектігі бар адамдарға протездік-ортопедиялық көмек көрсету, есту қабілеті бұзылған балаларға есту-сөйлеуді оңалту, оңалту орталықтарын салу, зейнетақы мен жәрдемақы төлеуді қамтамасыз ету бойынша қызметтер көрсетуге және т. б. бағытталады.

Бүгінгі күні республикалық бюджет қаражаты есебінен базалық және ынтымақты зейнетақыны қоса алғанда, әлеуметтік төлемдердің 41 түрі төленеді. 2025 жылы жәрдемақылар мен зейнетақыларды төлеуге 4,6 млн адамға 5 трлн 858 млрд теңге жіберілді, оның ішінде 2,5 млн-ға жуық зейнеткерлер мен 2,1 млн-нан астам мемлекеттік жәрдемақы алушылар.