2029 жылға дейін жолаушылар вагондарының шамамен 1,2 мың бірлігін сатып алу жоспарлануда – Көлік министрлігі

0
247

Қазіргі уақытта локомотив паркінің жалпы саны шамамен 1,8 мың бірлікті құрайды.


2029 жылға дейін жолаушылар вагондарының шамамен 1,2 мың бірлігін сатып алу жоспарлануда – Көлік министрлігі

ҚР көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында теміржол жылжымалы құрамын және вагондар паркін жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта локомотив паркінің жалпы саны шамамен 1,8 мың бірлікті құрайды. Тозу деңгейі – 61%.

«Жылжымалы құраммен қамтамасыз ету және парктің тозу деңгейін төмендету мақсатында биыл 185 локомотив сатып алынды. Келесі жылы 187 бірлік сатып алу жоспарланған, ал одан кейінгі үш жылда тағы 257 локомотив жеткізіледі деп күтілуде. Бұл локомотивтердің жетіспеушілігін толық жоюға ықпал етеді», — деді Марат Қарабаев.

Көлік министрлігінің мәліметінше, жүк вагондарының жалпы паркі 139 мың вагонды құрайды.

Нарықта 300-ден астам жеке оператор жұмыс істейді. Оның ішінде «Қазақстан темір жолына» 38 мың вагон тиесілі, олар әлеуметтік маңызы бар тасымалдарға, яғни еліміздің энергетикалық секторына және халыққа жеткізілетін көмірді тасымалдауға жұмылдырылған.

2026 жылға дейін ұлттық оператор қосымша 3 мың ашық вагон сатып алуды жоспарлап отыр, оның 800 бірлігі биыл пайдалануға берілді.

«Жолаушылар вагондары паркіне де ерекше назар аударылуда. Өткен жылы 118 жаңа вагон сатып алынса, биыл – 143 бірлік жеткізіледі. Келесі жылы 226 вагон сатып алу жоспарланған. Жалпы, 2029 жылға дейін 1 200-ге жуық жолаушылар вагоны сатып алынады, нәтижесінде вагон паркі 3 мың бірліктен асып, оның тозу деңгейі 38%-ға дейін төмендейді. Осы міндеттерді орындау үшін отандық өндірушілердің вагондарын сатып алу мүмкіндігімен жалға беретін Біріккен лизингтік компания құру ұсынылады», — деп мәлімдеді Марат Қарабаев.

Сонымен қатар, ведомство басшысы қазіргі уақытта ТХКБ және «Солтүстік–Оңтүстік» транзиттік дәліздерінің өткізу мүмкіндігін арттыру бойынша жұмыс белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Әлемдегі дәстүрлі қалыптасқан логистикалық бағыттардың өзгеруіне байланысты Солтүстік–Оңтүстік дәлізінің маңызы күннен күнге артып келеді. Оның өткізу мүмкіндігі жылына 10 млн тонна. Нақты тасымалданған жүк көлемі биыл 1,8 млн тоннаны құрады. Дәліздің әлеуетін ескере отырып, оның өткізу мүмкіндігін 20 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деді Марат Қарабаев.

Ол үшін, министр атап өткендей, ағымдағы жылдың шілде айында дәлізді Иран, Түрікменстан және Ресеймен синхронды дамыту жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Осы дәліз бойынша жүк ағынын тарту мақсатында Қазақстан транзиттік тасымалдарға 50% мөлшерінде арнайы тарифтік жеңілдіктер ұсынды. Одан басқа, Солтүстік–Оңтүстік дәлізінің шығыс бағытында Біріккен көлік-логистикалық компаниясының (БКЛК) үлгісі бойынша Біріңғай логистикалық оператор құру жұмыс жүргізіліп жатыр. қазіргі сәтте Қазақстан мен Ресей тарапы бірлескен кәсіпорын құру үшін дайындық жұмыстарын аяқтады. Түрікмен тарапынан осы жобаға қатысу мәселесі бойынша шешім күтілуде.

Биылғы 10 айда ТХКБ дәлізі бойынша тасымалдау көлемі 68%-ға өсіп, 3,8 млн тоннаны құрағады.