Қазір мұнай өңдеу қуатын ағымдағы 18,4 тоннадан жылына 40 млн тоннаға дейін ұлғайту бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр.
фото: Пресс-служба ТОО "СП "Тенгизшевройл"
ERNUR.KZ. Қазақстанның мұнай өңдеу қуаты 2033 жылға қарай жылына 40 млн тоннаға дейін өседі, деп жазады sputnik.kz.
Жалпы энергетикалық секторды нығайту үшін мұнай өңдеу қуатын ағымдағы 18,4 тоннадан жылына 40 млн тоннаға дейін ұлғайту бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр.
Атап айтқанда, ол жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жоспарлы түрде кеңейту 2030 жылға қарай дизель отынының тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Ал 2033 жылы төртінші зауытты іске қосу авиакеросинге деген қажеттілікті толық өтейді және К5 стандартындағы жоғары сапалы мұнай өнімдері экспортқа шығарылады.
"2026-2033 жылдары елімізде қуаты жылына 10 млн тонна болатын жаңа МӨЗ-дің техникалық-экономикалық негіздерін әзірлеу, жобалау, салу және іске қосу бойынша жұмыстарын жүзеге асыра отырып, қайта өңдеу қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізу көзделген. Кеңейту жобалары мұнай өнімдерінің тапшылығын кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік береді. 2033 жылы төртінші зауыт есебінен авиакеросин тапшылығы жойылып, көрші елдерге ЖЖМ экспорты басталады", — деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Нәтижесінде жұмыс істеп тұрған зауыттарда қайта өңдеу үлесі 94%-ға дейін өседі, ал отын сапасы К5 стандартына дейін артады.
Сонымен қатар Қашаған кен орнында газ өңдеу қуаттарын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың соңында ГӨЗ-1-дің іске қосылуы жылына 2,5 млрд текше метр тауарлық газ өндіруді қамтамасыз етеді.


