23 мыңнан астам су нысаны туралы деректер цифрландырылып, Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне енгізілді

0
584

Елімізде су нысандары, су шаруашылығы инфрақұрылымы, су пайдаланушылар, жерасты суы және саланың өзге де бағыттары бойынша деректерді біріктіретін Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін (СРҰАЖ) әзірледі.


23 мыңнан астам су нысаны туралы деректер цифрландырылып, Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне енгізілді

ERNUR.KZ. Жүйенің негізгі мақсаты – басқарушылық шешімдер қабылдауға қажетті бірыңғай, сенімді әрі өзекті деректер базасын қалыптастыру. Бүгінде жүйеде 23 мыңнан астам су нысаны туралы мәлімет цифрландырылып, жүйелендірілді. Оның ішінде 17 748 өзен, 3 148 көл және 1 109 гидротехникалық құрылысжай бар, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Сонымен қатар Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінде 3 мыңға жуық ұйым мен 4 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Жүйеге су шаруашылығы және гидротехникалық нысандардың 9 мыңға жуық цифрлық паспорты енгізілді. Жүйе арқылы суды бастапқы есепке алу бойынша 2,2 мыңнан астам есеп, ал 2-ТП нысаны бойынша 1,3 мыңнан астам есеп қабылданған.

«Жүйенің функционалдық мүмкіндіктеріне су балансын жүргізу, су пайдалануды есепке алу және талдау, су қоймаларының жай-күйін мониторингілеу, трансшекаралық су нысандары бойынша деректермен жұмыс істеу, сондай-ақ ғарыштық мониторингті қоса алғанда, заманауи технологияларды пайдалану кіреді. Қазіргі уақытта Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға енгізуге дайындықтың соңғы кезеңінде тұр», – деді «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.