30 мыңнан аса қазақстандық әйел декреттік төлемдерден айырылуы мүмкін

0
114

Жәрдемақы алу тәртібіндегі өзгерістер декреттік демалысқа дейін жұмыс істемеген әйелдерге қатысты болады.


30 мыңнан аса қазақстандық әйел декреттік төлемдерден айырылуы мүмкін

фото: ktk.kz

ERNUR.KZ. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 мыңнан аса қазақстандық әйел декреттік төлемдерден айырылуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек министрлігі ұсынған әлеуметтік қамсыздандыру реформасын зерттеген Құрылтай депутаты Ләззат Қожахмет мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.

Депутаттың айтуынша, жәрдемақы алу тәртібіндегі өзгерістер декреттік демалысқа дейін жұмыс істемеген әйелдерге қатысты болады.

"1 қаңтардан бастап олар тек отбасы мемлекеттік көмекке мұқтаж болған жағдайда ғана жәрдемақы ала алады. Егер отбасы мұқтаждар санатына жатпаса, әйел еңбекке қабілетті болса, денсаулығында кінәрат болмаса және отбасының табысы өмір сүруге жеткілікті болса, онда А және В санатындағы қазақстандықтар бұл қолдауды ала алмайды", - деді Ләззат Қожахмет.

Ал босанғанға дейін жұмыс істеген әйелдерге келетін болсақ, Қожахметтің айтуынша, оларға алаңдаудың қажеті жоқ. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры оларға бала бір жарым жасқа толғанға дейін соңғы 24 айдағы орташа айлық табысының 40 пайызын төлеуді жалғастыра береді.

Яғни, жұмыс істейтін қазақстандық әйелдер үшін ештеңе өзгермейді. Ал бала күтіміне байланысты демалыста жүрген ер адамдарға, олардың табыс деңгейі қандай болса да, 1 қаңтардан бастап төлем жасалмайды.