350 мың адам құмар ойыннан зардап шегіп отыр – сенатор

0
486

Олардың қатарында жастар көп.


350 мың адам құмар ойыннан зардап шегіп отыр – сенатор

ERNUR.KZ. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқылау кезінде сенатор Нұртөре Жүсіп жас ұрпақты тәрбиелеуге қатысты мәселені көтерді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Биылғы ресми деректерге сүйенсек, елімізде 5,7 миллионнан астам жас адам бар. Былтыр «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Заңға елеулі толықтырулар енгізілді. Жастардың жас мөлшерін 29-дан 35-ке көтердік. Соның негізінде NEET санатындағы жастардың саны 223 мыңнан бір жылда 422 мыңға өсті. Бізге терең білім мен мықты тәрбие керек. Елімізде азаматтарға сапалы жоғарғы білім беру, техникалық және кәсіптік дағдыларды оқытып-үйрету, оларды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту шаралары бүгінгі күннің талаптарына жауап бермей отыр. Қазіргі уақытта Қазақстан жастары елдегі жұмыс күшінің шамамен 40 пайызын құрайды», - деді Н. Жүсіп.

Оның айтуынша, 2022 жылы Ұлттық қордан кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында жас кәсіпкерлер мен әлеуметтік осал топтардың азаматтарына грант беруге 69,2 млрд теңге бағыталған болса, оның 6,9 млрд теңгесі игерілмеген.

«Жоғары аудиторлық палата «Жас кәсіпкерлерге жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға грант беру» және «Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға грантт беру» іс-шаралары бойынша көрсеткіштерді игеру және оларға қол жеткізу дәрежесін бағалау мүмкін емес деп отыр. Қол жеткізетін нәтижені көру мүмкін болмаса, ол жұмыстарды қалай жүргізіп отырмыз? Сондай-ақ, грант алған тұлғалар санында және сандық көрсеткіштерге қол жеткізуді бағалауда деректердің сәйкессіздігі бар. Жоғары білімді қазақстандық жастардың 40 пайыздан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді, түлектердің 30 пайыздан астамы бірден жұмыс таба алмайды. Бұлардың ішінде мемлекеттік тапсырыспен оқығандары да жетерлік. Қазақта «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген сөз бар. Осындай жағымсыз факторлардың әсерінен жастардың жайлы өмір іздеп, шет елге қоныс аударуы жиілеп жатқан сияқты. Биылғы 1 сәуірдегі статистикаға қарасақ, 600-ден астам жас шетелге қоныс аударған», - деді депутат.

Оның пайымынша, осындай қауіпті тенденциялардың қатарында жастар арасында суицидтік көңіл-күйдің өршуі, ойынқұмарлыққа, синтетикалық наркотикке тәуелділіктің артуы бар.

«Құқықтық статистикаға сәйкес, қаңтар-мамыр айлары аралығында кәмелетке толмағандар арасында 72 суицид тіркелген, бұл былтырғыдан 18 жағдайға артық. Одан бөлек, шамамен 350 мың адам құмар ойын, лудоманиядан зардап шегуде және олардың қатарында жастар көп кездесіп отыр. Бүгінде психоактивті заттарды қолдану салдарынан 90 608 адам алкогольге, 18 243 адам есірткіге тәуелді, оның 11 456 - сы 18-35 жас аралығында», - деді Н. Жүсіп.

«Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту туралы нақты тапсырма берді. Нақты жағдай қалай? Қазір жалпы Мемлекеттік спорттық тапсырысты 64 спорттың түрі бойынша қаржыландыру жүріп жатыр. Егер осы тізімге үңілер болсақ, оның ішінде балалардың дені сау болып қалыптасуына емес, керісінше балалардың денсаулығына зиян келтіретін спорт түрлері көп. Мәселен, ауыр атлектикамен (штанга) айналысуға 8 жастан бастап, бокс секілді басқа зақым келтіретін спорт түрлерімен 10 жастан айналысуға рұқсат етіледі. Бұл бұйрыққа Денсаулық сақтау министрлігі қалай келісім бергеніне таңымыз бар. Осы бұйрықтың талаптарын мүлдем сақтамайтын жекеменшік спорт клубтары өте көп. Бізге ұрдажық, білек күшіне сенетін емес, дені сау, басы істейтін, білімді, ақылды ұрпақ керек. Ұлттың рухынан күшті нәрсе жоқ! Үкімет көтерілген өзекті мәселелер бойынша жедел тиімді шешімдер қабылдап, жастардың дұрыс жетілуіне, дені сау болып өсуіне тиісті жағдайларды жасауы тиіс», - деді сенатор.