Өрт салдарынан 5 баласынан айырылған астаналық Ситерлер отбасының 4 банктен алған несиесі бар екен.
ERNUR.KZ. Kaspi bank 5 баласы өрт салдарынан қаза тапқан отбасының несиесін жауып беретін болды, деп жазады Qamshy.kz.
Өрт салдарынан 5 баласынан айырылған астаналық Ситерлер отбасының 4 банктен алған несиесі бар екен. Оның бірі - Kaspi bank. Қалған үшеуі белгісіз.
Бүгін Kaspi банк басшылығы отбасының қайғысына ортақтаса отырып, аталмыш банктен алған несиелік қарызын түгел жабуға шешім қабылдапты. Бұл ақпаратты Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне банк өкілдері растады.
"Біз бұл қайғылы жаңалықты естіп таң қалдық. Kaspi.kz-тің басшылығы Ситерлер отбасының несиелері бойынша қарызды жабу туралы шешім қабылдады", - деді банк өкілі.
Ақпан айының 4-і күні таңғы сағат 03 шамасында Астана қаласының Сарыарқа ауданындағы үйден өрт шығып, салдарынан бір үйдің бес баласы қаза тапқан болатын. Бүгін бір отбасының бес бірдей перзентінің жаназасы шығарылып, жер қойнына тапсырылды.