5 жасар қыз мәйіттің жанында түнеп шыққан: Талғардағы әйелдің өлімі бойынша іс тергеліп жатыр

0
94

Марқұм әйелді өлтірген қылмыскер ретінде оның азаматтық некедегі күйеуі күдікке ілініп отыр.


5 жасар қыз мәйіттің жанында түнеп шыққан: Талғардағы әйелдің өлімі бойынша іс тергеліп жатыр

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Алматы облысының полициясы күйеуінің қолынан қаза тапқан 39 жастағы әйелдің жантүршігерлік өлімін тергеп жатыр. Марқұмның анасын ұйқыдан немересі оятып, әкесінің анасын қалай өлтіргенін айтып берген, деп жазады stan.kz.

Марқұм әйелді өлтірген қылмыскер ретінде оның азаматтық некедегі күйеуі күдікке ілініп отыр. Марқұмның туыстарының айтуынша, ер адам әйелді пышақтап өлтіріп, кейін мәйітін көрпемен жауып, қашып кеткен. Бұл жағдай олардың бес жасар қызының көз алдында болған.

Ерлі-зайыптының көршілері күдіктінің ішімдікке жақын екенін біледі.

“Бәрі ішімдіктен. Апам келіп мені оятты. Көршінің Жазираны пышақтап өлтіргенін айтты. Мен оянып, сол жаққа жүгіріп барып көрдім. Ол жерде жедел жәрдем де, патрульдік полиция да жиналыпты. Үйдің ішінде бала болды. Бала түні бойы анасының жанында түнеп шыққан”, – дейді көршісі Елжас Рахиман.

Әкесі мас күйде анасына пышақпен шабуыл жасаған соң кішкентай қыз апасының үйіне барып, көмек сұраған.

Марқұмның анасы Тұраш Қуанышева қылмыс болған үйге жақын маңда тұрады. Айтуынша, оны өз немересі оятқан. Қыз жылап, көргенінің бәрін әжесіне айтып берген.

“Кішкентай немерем жүгіріп келіп, “анамды пышақтап өлтірді” деді. Қызым қан-жоса болып жатты. Киімін шешкенімде жарақаттарын көрдім. Бұл нағыз жауыздық. Ол менің қызымды үнемі ұрып-соғатын. Мен қолдан келгенше қорғадым. “Ажырас” деп те айтатынмын. Енді оны түрмеге отырғызсын. Тіпті өлім жазасына кессін”, – дейді қызынан айырылған ана.

Туыстарының айтуынша, ерлі-зайыпты 15 жыл бойы азаматтық некеде болған, ортақ қыздары бар. 45 жастағы ер адам ресми түрде жұмыссыз. Соңғы уақытта жүк тасушы болып нәпақа тапқан. Жақындарының сөзінше, ер адам жиі ішімдік ішіп, үйде жанжал шығаратын.

“Біз үйге келгенде газ плитасының артынан сүлгілерді таптық. Сүлгілер қанға боялған, олармен қан іздерін сүртіп, жасырып қойған. Әпкемнің мәйітін қыздың жанына жатқызып, үстін көрпемен жапқан. Содан кейін есікті жауып, кетіп қалған”, – дейді туыстары.

Оқиғадан кейін күдікті бой тасалап, қашып кеткен. Алайда бір тәуліктің ішінде ол Талғар қаласында ұсталды.

“Алдын ала анықталғандай, отбасылық жанжал барысында ауыл тұрғыны азаматтық некедегі жұбайын екі рет пышақтаған. Соның салдарынан жәбірленуші бірнеше сағаттан кейін көз жұмды. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – деді Алматы облысының полиция департаментіндегілер.

Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Ол 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.