Суық суда ұзақ жатқандықтан, оның жағдайы ауыр болған.
Фото: Ташкент зообағы
ERNUR.KZ. Балықшылар Ташкенттегі Қарасу каналынан Ніл қолтырауынының баласын тапты. Бауырымен жорғалаушы қатты тоңып, ауыр жағдайда болған. Қазір қолтырауын хайуанаттар бағында карантинге орналастырылды, деп жазады inform.kz.
Суық суда ұзақ жатқандықтан, оның жағдайы ауыр болған. Мамандар қолтырауынның шамамен бір жаста екенін анықтады.
Бұған қоса Ташкент хайуанаттар бағының мамандары жақын маңда басқа бауырымен жорғалаушылардың бар-жоғын анықтау үшін аумақты тексеріп шықты.
Қазір қолтырауынның Өзбекстандағы су айдынына қалай тап болғаны анықталып жатыр.
Өзбекстанның Ұлттық экология және климаттың өзгеруі комитеті ел заңнамасы жеке тұлғаларға жабайы жануарларды, соның ішінде қолтырауынның барлық түрін жартылай еркін ортада, жасанды жағдайда немесе тұтқында ұстауға тыйым салатынын ескертті. Сондай-ақ оларды цирк қойылымдарына пайдалануға да болмайды.
Ніл қолтырауыны – қолтырауындар тұқымдасындағы ең ірі әрі қауіпті жыртқыштардың бірі. Табиғи мекенінде Африка құрлығындағы тұщы сулы өзендерде, көлдер мен батпақты жерлерде тіршілік етеді.


