​60 адамды алдаған Қызылорда тұрғыны елден қашпақ болды

0
1 141

Қылмыскер 60 тан астам адамды алдап, 6 млн теңгені қалтасына басқан.


​60 адамды алдаған Қызылорда тұрғыны елден қашпақ болды

иллюстрациялық фото: арнайы дереккөзден

ERNUR.KZ. 60-тан астам адамды алдаған Қызылорда қаласының тұрғыны елден шықпақ болған жерінен ұсталды, деп жазады ҚазАқпарат облыс прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызылорда облысының прокуратурасында алаяқтықпен күрес мәселелеріне арналған ведомствоаралық кеңес өтті. Оған 17 облыстық мемлекеттік органдардың және ұялы байланыс операторларының (Kcell, Beeline, Tele2) басшылары қатысты.

Мәлім болғандай, биылғы жылдың басынан бері өңірде алаяқтық фактілері 71% (52-ден 89-ға дейін) артқан. Олардың арасында адамдардың 6 млн теңгесін қалтасына басқан қызылордалық тұрғынға қатысты қылмыстық іс бар. Ол 60-тан астам азаматты жұмысқа орналастыруға уәде беріп, әрқайсысынан 100 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін ақша алған.

«Жалпы келтірілген залал 6 млн теңгені құрайды. Ол елден кетуге әрекет ету барысында Шымкент қаласының әуежайында ұсталды», - делінген прокуратура мәліметінде. Ведомствоаралық отырыс барысында қазіргі заманғы технологиялар, атап айтқанда, ұялы телефондар мен интернет арқылы жасалатын қылмысқа қарсы күрес мәселелері талқылады.

Іс-шара қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға, ұялы байланыс операторларына және Ұлттық банктің облыстық филиалына тұрғындар арасында алаяқтықтың алдын алу жұмыстарын, оның ішінде жаңа формалары мен түрлеріне қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізу ұсынылды.