60 мыңнан астам жас инспектор жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде

0
116

Қазақстанда балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары мәселесі әлі де өзекті болып отыр.


60 мыңнан астам жас инспектор жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде
ERNUR.KZ. Былтыр жол-көлік оқиғалары салдарынан 285 бала қаза тапты. Бұл – жол беруге болмайтын ауыр шығын. Зардап шеккен кәмелетке толмағандардың жартысынан көбі көлік жолаушылары болған. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, көп жағдайда зардап шеккен балаларды ересектер тасымалдау ережелерін бұзған: балаларды арнайы ұстап тұру құрылғыларынсыз және қауіпсіздік белдігін тақпай алып жүрген.

«Жол қозғалысы қауіпсіздігі жүргізушілерге де, жаяу жүргіншілерге де байланысты. Қауіп екі тарап үшін де бар. Жол-көлік оқиғалары себептерінің бірі – жолды белгіленбеген жерден немесе бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту. Балалар кейде жол жағдайын тиісті деңгейде бағаламайды, жолдан өтер алдында қауіпсіздікке көз жеткізу қажеттігін ұмытып кетеді. Себебі бұрылыстан немесе жол жиегінде тұрған көліктің арасынан кенеттен автокөлік шығып қалуы мүмкін. Қараңғы уақытта жүргізушілерге жаяу жүргіншілерді көру қиындай түседі, әсіресе олардың киімінде жарық қайтаратын элементтер болмаса. Осыған байланысты балаларға жолдан өтпес бұрын жүргізушімен көзбен байланыс орнатудың маңызын түсіндіру қажет», – деді ол.

Сондай-ақ Ғалым Сарғұлов жас жол қозғалысы инспекторларының рөлін атап өтті. Олар еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Бүгінде республика бойынша 60 мыңнан астам оқушы мектептерде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар мектептерде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «САҚШЫ» жасақтары құрылған.

«Өкінішке қарай, кейде ересектердің немқұрайлығы балалардың тек жолда ғана емес, құқық бұзушылардың әрекетінен де зардап шегуіне себеп болып жатады. Сондықтан қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және профилактика мәселесіне ата-аналарды, балабақша тәрбиешілерін және мектеп мұғалімдерін кеңінен тарту маңызды. Балалар қауіпсіздік туралы неғұрлым көп ақпарат алса, біз оларды соғұрлым сенімді қорғай аламыз. Қалай дұрыс әрекет ету керектігі, кімге сенуге болатыны, қайда жүгіну қажеттігі туралы әрбір сөз бала үшін пайдалы. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыра аламыз», – деп түйіндеді спикер.