7-20-25: Қандай құжат жинап, қай банкке бару керек?

0
2 393

«7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық кредитті Центркредит Банкі, АТФБанкі, Jusan bank, Bank RBK, Еуразиялық Банк, Халық Банкі, ForteBank, Сбербанк бере алады.


7-20-25: Қандай құжат жинап, қай банкке бару керек?

"7-20-25" – бағдарлама Елбасының Жолдауында айтылған «Әрбір отбасы үшін баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасын іске асыру мақсатында әзірленген - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бағдарламаның атауы оның негізгі талаптарын айқындайды.

7 – бұл ипотекалық кредит бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме. Ол түпкілікті болып табылады және өзгермейді. Қарыз алушы ешқандай комиссиялық ақыларды төлемейді және қосымша шығындарды көтермейді.

20 – бұл пайыз түрінде көрсетілген бастапқы жарна.

25 – бұл ипотекалық кредиттің жылдармен көрсетілген ең ұзақ мерзімі.

Кредит бастапқы тұрғын үйлерге (жаңадан салынған үйлерге) ғана беріледі. Нұр-Сұлтан, Алматы (қала маңындағы аймақтармен бірге), Ақтау, Атырау мен Шымкент қалаларында баспананың ең жоғарғы бағасы 25 млн теңге, ал басқа өңірлерде үйдің шекті құны 15 млн теңгені құрайды.


Ипотекалық кредит алу үшін банкке:

- еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен табысының болуын растайтын құжаттарды;

- кредиттік бюроның ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің жоғы туралы мәліметтерді қамтитын кредиттік есебін;

- сатып алынатын жылжымайтын мүлікке құжаттарды;

- тәуелсіз бағалаушының сатып алынатын мүлікті бағалау бойынша есебін;

- әріптес банктің талабы бойынша басқа да құжаттарды ұсыну қажет.


Қазіргі кезде «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық кредитті Центркредит Банкі, АТФБанкі, Jusan bank, Bank RBK, Еуразиялық Банк, Халық Банкі, ForteBank, Сбербанк береді.

Қарыз алушы тұрғын үйді сатып алу үшін пайдалануға берілген, жаңа, бастапқы тұрғын үйді таңдауы тиіс. Құрылыс компаниясымен келісіп, таңдаған пәтерді броньдау қажет. Сатып алынатын тұрғын үйді тәуелсіз бағалаушы арқылы бағалап, бағалаушыдан бағалау актісін алуға тиіс.

Осыдан кейін жоғарыда аталған банктердің біріне кредит алуға өтініш жазады және барлық қажетті құжаттарды ұсынады. Банк қарыз алушының барлық құжаттарын «7-20-25» бағдарламасының талаптарына сәйкес келуін қарайды және ипотекалық кредит беруді мақұлдайды (не мақұлдамайды). Егер ипотека мақұлданса, қарыз алушы банктен кепіл хатын алып құрылыс компаниясына апарып береді. Банктің шешімі мен келісуі бойынша қарыз алушы бастапқы жарнаны не банкке, не құрылыс компаниясына аударады.

Бұдан кейін құрылыс компаниясымен сатып алу-сату шартын жасасу қажет. Шарт нотариус арқылы расталып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-та (ХҚКО) немесе нотариус арқылы (EGOV.KZ онлайн) тіркеледі. Тіркелген сатып алу-сату шартын банкке ұсыну қажет. Бұдан кейін қарыз алушы банкте қарыз шартына, төлемдер кестесіне, сатып алынатын тұрғын үйді кепілге қою шартына қол қояды. Қарыз алушы сатып алынатын үйді кепілге қою шартын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-та (ХҚКО) немесе нотариус арқылы (EGOV.KZ онлайн) тіркейді. Сатып алынатын тұрғын үйді кепілге қою шарты мемлекеттік тіркелгеннен кейін банк қажетті соманы құрылыс компаниясына аударады. Содан кейін құрылыс компаниясы кілтті қарыз алушыға тапсырады.

Қосымша ақпаратты Сіз www.baspana72025.kz сайтында, әріптес банктердің сайтында, не
«Баспана» ИҰ Call-орталығында 8(727)22-7-20-25 телефон нөмірі арқылы ала аласыз (оператормен қосу үшін 0-ге басасыз).