​«7-20-25»: Көкшетауда жаңа тұрғын үй кешені пайдалануға берілді

0
1 270

Алдағы уақытта да бұл міндеттер жүзеге асырылып, үй кезегінде тұрған халық баспанаға қол жеткізеді екен.


​«7-20-25»: Көкшетауда жаңа тұрғын үй кешені пайдалануға берілді

ERNUR.KZ. Көкшетауда ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында жаңа тұрғын үй кешені пайдалануға берілді, деп жазады ҚазАқпарат.

Сайын көшесінің бойына орналасқан алты қабатты «Эстет» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2017 жылы басталған. Жобаның жалпы құны – 785 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын «Эстет Строй» серіктестігі жүргізді. Баспаналы болғандар – негізінен «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар. Жаңа тұрғын үйдің пәтер кілтін тапсыру рәсіміне аймақ басшысы Мәлік Мырзалин қатысып, шаңырақ иелерін қуаныштарымен құттықтады.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында халықты баспанамен қамту мәселесі басты орын алады. Бүгін сол «7-20-25» бағдарламасының біздің өңірде де ойдағыдай жүзеге асырылып жатқаны қуантады. Ақмола облысы аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру көрсеткіші бойынша республикада 5-ші орында тұр. Алдағы уақытта да бұл міндеттер жүзеге асырылып, үй кезегінде тұрған халық баспанаға қол жеткізетін болады. Бүгінгі қуаныштарыңыз қуанышқа ұласа берсін», - дей келе, аймақ басшысы бір топ қала тұрғынына жаңа пәтердің кілтін табыс етті.

«Эстет Строй» серіктестігінің директоры Олег Малаховтың мәліметінше, 6 қабатты тұрғын үйдің жалпы аумағы 5200 шаршы метрді құрайды. Ал, пәтердің 1 шаршы метрі - 180-220 мың теңге шамасында. Қазіргі кезде, тұрғын үй кешенінің маңы абаттандырылып жатыр.

Айта кетейік, 2018 жылдың 4 шілдесінен бастап қолға алынған «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы ақмолалықтардың қызығушылығын арттырып отыр. Бүгінгі күнге дейін Ақмола облысы бойынша 1,98 миллиард теңге сомасында 222 өтініш түскен. Қазіргі күні 1,5 миллиард теңгенің 171 несиесі мақұлданған.