Республикалық Тамыз конференциясында Президент фаст-фудтың агрессивті жарнамасы қаптап кеткенін баса айтты.
Фото: Freepik
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға бағытталған фаст-фудтың агрессивті жарнамасына алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке оның денсаулыққа әсерін жан-жақты зерттеуді тапсырды. Президент май, қант және тұзы жоғары өнімдер жарнамасын шектеу тәжірибесін қарастыруды ұсынды, деп жазады inform.kz.
Тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіреді, еліміздің еңбек күші әлеуетіне теріс әсер етеді.
— Дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Олардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Көптеген ел құрамында май, қант және тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына тыйым салады немесе шектеу қояды, — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл өте күрделі мәселе екенін айтып, түрлі шетін тұстары, пікірталастарға негіз болған медициналық, тіпті саяси астары бар екенін де жасырмады.
— Дегенмен Үкімет, ең алдымен, балаларымыздың саулығын ойлап, аталған проблеманың ұңғыл-шұңғылын мұқият зерделеуі керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


