Соңғы 2 жылда 22 мыңнан астам жануарға кастрация мен зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілген
ERNUR.KZ. Алматыда биыл да қаңғыбас ит пен мысықтарды тегін кастрациялау мен зарарсыздандыру жалғасады. Қалада жануарларға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында жол картасы қабылданды, деп жазады Almaty.tv.
Енді соның аясында 8 мың ит-мысыққа ота жасалуы мүмкін. Десе де, қаңғыбас иттерден ығыр болған тұрғындар шағымдарын тоқтатар емес. Өйткені бірнеше айдың ішінде мыңнан астам адамды ит қауып үлгерген.
Ал, жануарларды қорғаушылар ит пен мысықты аулау кезінде басқа әдіс қарастыруды талап етуде. Сондай-ақ, олар оқшаулау мекемелерінде қаңғыбас хайуанаттарға дұрыс жағдай жасалса дейді.
«Қайткен күнде де, бізді қаңғыбас иттерден құтқарыңыздаршы, жалынып сұраймыз. Бір-екеу емес, олар қазір үйірімен жүретін болған. Күндіз-түні бір тынбайды. Қазір тіпті, солардан қорыққаннан қоқыс жәшіктеріне жақындай алмайтын болдық. Балаларымыз пакетті жолға тастап кетеді, соның кесірінен тазалық құриды», - дейдіАлматыдағы Түрксіб ауданының тұрғындары.
Оларды осыншалық әбігерге салған қаңғыбас иттер мен мысықтардың мәселесі жайлы Алматы қаласы ветеринарлық қызметтің мамандары да құлағдар.
«Диспетчерлік орталыққа соғылған қоңырауларды санамағанда, бізге күнде орташа есеппен 23 өтініш келіп түседі. Оған қоса, күнделікті аудан әкімдіктеріне келіп түсетін сұранымдар да бар. Статистика көрсеткендей, 2018 жылы 4457 адамды ит қапса, биыл бірінші тоқсанның өзінде зардап шеккендердің саны 1010-ға жетті», – дейді Алматы қаласы ветеринарлық қызметтің басшысы Серік ЖАҚСАБАЕВ
Қаңғыбас иттерді аулау мәселені түбегейлі шешпейді. Сондықтан арнайы кешенді жол картасы жасалды. Мамандар былтырдың өзінде қаладан 16 мыңнан аса хайуанатты құрықтаған. Сондай-ақ, соңғы екі жылда 22 мыңнан астамына кастрация мен зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізген. Тегін ота жасау биыл да жалғасады дейді мамандар.
«Биыл біз болжам бойынша 8 мың ит пен мысыққа кастрация және зарарсыздандыру үшін ота жасауды жоспарлап отырмыз. Оны жасау үшін өтініш бірдірген 10 компаниядан қазір нақты үш мекеме анықталды. Олар қаланың 4 ауданына қызмет көрсетеді», – дейді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы ветеринария бөлімінің басшысы Нұрлан ТӘШІМОВ.
Бүгін Алматыдағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында жануарларды жақтаушылар тендердегі ашықтық, ота кезінде қадағалау және клиникалардың сапасына тексеруді ұдайы жүргізіп тұруды сұрады. Сондай-ақ, әлі күнге дейін чипі бар жануарлар туралы бірыңғай ақпараттық базаның жоқтығы айтылды. Ал Жетісу ауданындағы хайуанаттарды ұстайтын жаңа нысанның құрылысы әлі басталмаған.