Атырау өңіріндегі 43 ауылға талшықты-оптикалық интернет желісі тартылып жатыр

0
72

​Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарда оң нәтиже бар.


Атырау өңіріндегі 43 ауылға талшықты-оптикалық интернет желісі тартылып жатыр

ERNUR.KZ. Интернетпен қамту деңгейі 99,7%-ға жетіп, 14 шалғай орналасқан елді мекен интернетке қосылды. 155 5G базалық станция орнатылып, 43 ауылға талшықты-оптикалық интернет желісі тартылуда. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында 15 мыңға жуық камера Жедел басқару орталығына қосылды. Оның 100-ден астамы жасанды интеллектімен жұмыс істейді. Нәтижесінде құқық бұзушылыққа жол берген 221 адам анықталып, шаралар қабылданды. Білім беру саласында енгізілген «Alaqan» жүйесі облыстағы 179 мектепте толық іске қосылып, бюджеттен 725 млн теңге үнемделді.

Атырау өңірі үшін ең маңызды мәселелердің бірі – экология. 2024 жылдың алғашқы 6 айымен салыстырғанда, биылғы 6 айда атмосфераға зиянды заттарды шығару көлемі 5 тоннаға дейін азайды.

«Экологиялық заңнаманы бұзған 139 субъектіге жалпы 2,3 трлн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Кешенді жоспар аясында 164 гектар жерге 476 мың ағаш, өңірлік жоспар аясында 69 гектарға 145 мың ағаш отырғызылды», – деді спикер.