Ең көп таңдалған қала – Алматы.
ERNUR.KZ. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 94 мың талапкер білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш берген. Ал 2022 жылы 80 мың өтініш қабылданған болатын, деп жазады inbusiness.kz.
Ең көп таңдалған қала – Алматы, 38 мың талапкер оңтүстік астанаға оқуға түсуге ниет білдірген. Елорданың оқу орындарында оқу үшін 18 мың өтініш қабылданса, 6 мың оқушы Шымкент қаласындағы университеттерді таңдаған.
Бірнеше жыл қатарынан талапкерлер ең көп сұранысқа ие оқыту бағыттары бойынша таңдауды өзгеріссіз жасап жатыр.
"Өтініштердің көпшілігі "Педагогикалық ғылымдар", "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары" және "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" сияқты бағыттарға берілді. Қабылдау науқанының нәтижесіне сәйкес болашақ тіс дәрігерлері, дипломаттар, заңгерлер және мұғалімдер арасында бір гранттық орынға ең үлкен конкурс күтілуде", делінген хабарламада.
Гранттар тағайындау жөніндегі шешімді Республикалық конкурстық комиссия қабылдайды.
"Барлық отырыстарды 10 тамызға дейін өткізіп, грант иегерлерінің тізімін жариялауды жоспарлап отырмыз.
Ал жоғары оқу орындарына қабылдау, әдеттегідей, 25 тамызда аяқталады", делінген министрлік хабарламасында.