"Әбден шаршатты": Семейде автобустың костюмін киген ер адам алаңға шықты (видео)

0
844

Өз кезегінде Семей қалалық әкімдігіндегілер аталған видеоға қатысты пікір білдірді.


ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде автобустың костюмын киіп алған ер адамның видеосы тарады. Ол осы күйінде Семей қаласы әкімдігінің алаңына шыққан, деп жазады Stan.kz.

Желіде тараған видео кадрларынан ер адамның үстіндегі автобустың костюмінде «№35» деген жазу бары көрінеді. Ер адам басына картон қорап киіп алған. Ер адам осылайша наразылығын білдірмек болған сыңайлы.

«Қоғамдық көліктердің дұрыс болғанын қалаймын. Әбден шаршатты. Адамдарды жібергілері келмейді», - дейді ер адам видеода.

Өз кезегінде Семей қалалық әкімдігіндегілер аталған видеоға қатысты пікір білдірді. Олар ешкімге өз пікірін білдіруге тыйым салмайтындарын айтты. Сондай-ақ, қалада қоғамдық көліктерге қатысты проблемалар барын жоққа шығармады.

«Аталған видеоға әкімдіктің қатысы жоқ. Бұл оның жеке ұстанымы. Ешкімге өз пікірін білдіруге тыйым салмаймыз. Бұл мәселеге қатысты көптеген сауал болды. Себебі жеке тасымалдаушылар таңғы 7:00-ден күндізгі 11:00-ге дейін жүреді. Оларда сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін түскі ас уақыты. Осы уақытта адамдар қоғамдық көлікпен жүре алмай қалатындықтан, көптеген шағым түсті. Сонымен қатар автобустың санитарлық жағдайы, жолаушыларға деген дөрекі қарым-қатынас туралы шағымдар да болды. Бүгінгі таңда бұл мәселелер шешіліп жатыр», - дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Роллан Кемербаев.

Өз сөзінде ол бүгінгі таңда аталған мәселелердің шешіліп жатқанын айтты. Баспасөз хатшысының сөзінше, қала басшысы кеше және бүгін тұрғындар, жүргізушілер және кондукторлармен кездескен. Ол таңертең автобустардың кестесін, бағытын тексерді, дейді.

«Алдағы уақытта барлық мәселе шешімін табады деп ойлаймыз. Қала әкімі жолаушылардың тасымалдаумен айналысатын жекеменшік кәсіпорындарға өз автокөлігін жаңартуға мүмкіндік берді», - дейді әкімнің баспасөз хатшысы.