ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік атаулы көмек алу үшін кез келген жұмысқа орналасуға кеңес берді.
ERNUR.KZ. Ақтөбеге келген Үкімет тобы көмек сұрамас бұрын ұсынған жұмысқа барып, жұмыс істеуге кеңес берді. Себебі, жұмыс істемейтін адамның отбасы атаулы әлеуметтік көмек те ала алмайды, деп жазады ҚазАқпарат.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көмек сұрап, үй алу кезінде қиындық көрген отбасылардың жайын жеке-жеке қарауға уәде етті. Дегенмен жұмыс істеп, еңбек етуден қашатын адамдардың бар екенін жасырмады.
«Таңның атысы, күннің батысы жұмыс істеп, отбасын асырау керек. Өзім Алматыда пәтер жалдап тұрып, қаржы министрлігінде жұмыс істедім. Сағат 18:00-ден кейін жүк тасушы болдым. Көбі солай жұмыс істеді. Сондықтан жолдастарыңызды жұмысқа жіберу керек. Ауырды, денсаулығы жоқ деп қиын жұмыстан қаша берсе, үйінде жата береді», - деді Бердібек Сапарбаев.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік атаулы көмек алу үшін кез келген жұмысқа орналасуға кеңес берді. Себебі, кем дегенде 40 мың теңге еңбекақы алса, балаларға жәрдемақы алу мүмкіндігі қарастырылған.
«Қай аймаққа барсам да алдымнан жалғызбасты аналар шығады. Қоғамға не болған? Еркектер қорқақ болып кеткен ба? Проблеманың бәрін әйелдерге үйіп қойған ба? Соны түсінбедім», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Еске салсақ, Үкіметтің жұмыс тобы Ақтөбеге келіп, жастармен, көпбалалы аналармен кездесу өткізді. Жиын кезінде ақтөбелік көпбалалы, мұқтаж отбасының аналары тұрғын үй, жұмыспен қамту мәселесін қозғады.
«Ең үлкені - баспана мәселесі. Елімізде 340 мың көпбалалы отбасы бар болса, оның 28 мыңнан астамы баспана кезегінде тұр. Ақтөбе облысына тұрғын үй салуға 2,7 миллиард теңге бөлінеді. Жылына 323 пәтер, 7 жылда 2153 пәтер салынады деп жоспарланған», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.