Адамдарды тыржалаңаш шешіндірген - «Дикий Арман» мен оның сыбайластары не үшін сотталды

0
338

​Бүгін Алматыда 44 адамға қатысты үкім шықты.


Адамдарды тыржалаңаш шешіндірген - «Дикий Арман» мен оның сыбайластары не үшін сотталды

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

ERNUR.KZ. Алматы қаласында Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобы жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, азаматтарды ұрлағаны үшін сотталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

27 қаңтарда Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының басшылары мен қарулы тобының мүшелері, сондай-ақ ҰҚК-ның 5-департаментінің экс-басшысы Искаков Руслан, Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты Құдайберген Қайрат және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қаралып аяқталды.

Сот анықтағандай, 2016 жылы Искаков ҰҚК-ның 5-департаменті басшысының орынбасары бола отырып, ұлттық қауіпсіздік органдарының қолдауына кепілдік беретінін айтып, Жұмагелдиевті серіктестікке көндірген.

ҰҚК органдарының қолдауына ие болған Жұмагелдиев Қазақстан мен шетелдердегі қылмыстық ықпалын кеңейту мақсатында қылмыстық ұйым құруға кіріскен. Бұл мақсатқа ол ұйымның негізгі рөлдеріне бұрыннан таныс, психологиялық тұрғыдан тұрақты, қылмыстық қудалаудан қорықпайтын және жақсы физикалық дайындығы бар адамдарды тартқан.

Жұмагелдиевтің қылмыстық ұйымының барлық мүшесі, ұйымдастырушылық, функционалдық және аумақтық негізде топтарға бөлініп, тікелей оған бағынған.

«2022 жылдың 5 қаңтарынан 6 қаңтарға қараған түні ҰҚК басшылығы ұсталғаннан кейін Искаков тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру жоспарының сәтсіз болатынын түсініп, қылмыстың іздерін жасыруға шешім қабылдаған. Бұл мақсатта, ол Алматы қаласындағы жағдайды тұрақтандыру сылтауымен, Жұмагелдиевке адамдарды ұрлап, оларды «Қазақстан» және «The Ritz Carlton Almaty» қонақ үйлерінде ұстауды тапсырған. 2022 жылдың 6-7 қаңтар аралығында Жұмагелдиев тобының мүшелері бейбіт тұрғындарды заңсыз ұстап, оларды аяусыз ұрып-соғып, мүліктерін тартып алып, қорлаған. Сонымен қатар, кейбір адамдарды бейнежазбаға түсіріп, оларды ұрлық және «ҚДТ» («ДВК») экстремистік әрекеттеріне қатысқандарын мойындауға мәжбүрлеген. Мысалы, «The Ritz Carlton Almaty» қонақ үйінің маңында, Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының шамамен 15 мүшесі оның бұйрығын орындап, өтіп бара жатқан автокөлікті тоқтатып, ішіндегі 5 азаматты түсіріп алған. Жолаушылардың бірін басынан балғамен ұрып, есінен тандырған», - деп хабарлады Алматы соты.

Осыдан кейін, жәбірленушілерді еркінен тыс қонақ үйдің жер асты тұрағына мәжбүрлеп кіргізіп, олардан ақшалары мен жеке заттарын тартып алған. Кейін жәбірленушілерді іш киіміне дейін шешіндіріп, ұрып соққан.

Сонымен бірге, оларды жаппай тәртіпсіздіктерге және бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысқандарын мойындауға мәжбүрлеген. Жалпы, Жұмагелдиевтің тобы 34 жәбірленушіні ұрлап, ұрып-соғу әрекеттерін жасаған. Кейін, 24 ұсталған адам заңсыз түрде бір ЖШС-нің қоймаларында қамалған.

Бұдан бөлек, Алматы қаласында тәртіпті қалпына келтіру және сенімді алиби жасау сылтауымен Жұмагелдиевтің топтастары мен жақтаушыларын пайдаланып, Алматы қаласының ТЖД-нің өрт сөндіру көлігін қайтаруын және №12 қалалық аурухананы қорғау жұмыстарын ұйымдастырып, Алматы тұрғындарына азық-түлік таратуға бастамашы болған. Дәлелденген мәліметтер мойынша, Жұмагелдиев тәртіпсіздікке қатысқандарға көзбояу үшін ғана қарсы шыққан. Шын мәнінде өзінің ауыр қылмыстарын жасырғысы келген деп атап өткен соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімімен Жұмагелдиев ҚР ҚК-нің 262-бабы 1-бөлігі, 268-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 2-бөлігі, 28 бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 126-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал:

  • Р. Ысқақов ҚР ҚК-нің 262-бабы 3-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 362-бабы 4-бөлігі, 3-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 126-бабы 3-бөлігі 1-тармағы, 268-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 15,6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
  • Қ.Құдайберген ҚР ҚК-нің 272-бабы 1,2-бөліктері, 126-бабы 2-бөлігі, 1 және 7-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
  • Жаппай тәртіпсіздіктердің басқа қатысушыларына – Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының мүшелеріне (барлығы 13 адам) 10 жылдан 15,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қылмыстық топтың құрамына кірмейтін жаппай тәртіпсіздіктердің басқа қатысушыларына 1,5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.