Денсаулық сақтау министрі Бас мүфтимен донорлық және вакцинациялау мәселелерін талқылады.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Вакцинациялау мен ағза донорлығы кездесудің негізгі тақырыбы болды. Себебі соңғы жылдары Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша екпе алудан бас тарту үрдісі өсуде. Бұның барлығы екпе алмаған азаматтардың арасында инфекциялық аурулардың өршуіне әкеліп соқтырады.
Оның айтуынша, вакцинациядан бас тартудың басты себептерінің бірі – ата-аналардың діни көзқарасы. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен ынтымақтастықты күшейтуді жоспарлап отыр. Вакцинациялаудан бас тартуға әсер ететін діни факторларды анықтау үшін зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Қазақстанда ағза донорлығы да жақсы дамыған. 7 трансплантаттау орталығының жұмысын үйлестіретін бейінді республикалық орталық, қайтыс болғаннан кейін донорды дайындау үшін медициналық қызмет көрсететін 40-тан астам донорлық ұйым, сондай-ақ 5 өңірде донор мен реципиенттің иммунологиялық үйлесімділігі айқындалатын типологиялық зертханалар жұмыс істейді. Соңғы 5 жылдың ішінде Қазақстанда ағзаларды трансплантаттау бойынша 1005 операция жасалды. Алайда донорлық ағзаларды күтіп жүрген адамдарды саны әлі де азаяр емес. Күту парағында 4117 адам тіркелген. Олардың ішінде 96 бала бар.
"Министр діни қызметкерлерге арнаған сөзінде жергілікті қауымдастықтардың арасында, мешіттерде қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселелерін түсіндіруде діни көшбасшылардың рөлін атап өтті, бұл адамдарға саналы және жауапты шешім қабылдауға көмектеседі", - делінген ресми хабарламада.
Бүгінде әлемде қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту жағынан Испания көш бастап тұр. Ол жақта 1 миллион адамға шаққандағы көрсеткіш 49,38-ді құрайды. ТМД мемлекеттері ішінде Беларусь (25,26) көш басында. Иранда -12,57, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 0,36-ны құрайды.