Қылмыскер сотқа апелляциялық шағым түсірген.
ERNUR.KZ. Тереңкөлде әйелін өлтіріп, денесін бөлшектеген ер адам соттан өзін ақтауды сұрады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы адам өлтiру фактісі бойынша қылмыстық істі қайта қарады.
Іс материалдарына сәйкес 2022 жылдың күзінде Тереңкөл ауылындағы үйдің бірінде ер адам мен оның азаматтық әйелі арасында ақша үшін жанжал туындаған. Ауыл тұрғыны әйелі 36 мың теңгені жұмсағаны үшін оны жұдырықтап ұрып, соққыға жыққан. Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Ер адам жасаған қылмысты жасыру мақсатында қоймадан балта мен араны алып, әйелдің мәйітін бөлшектеп, үш қапқа салып, оны Ертіс өзеніне тастаған. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ол ҚК 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Алайда айыпталушы үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Ол бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойып, ақтау үкімін шығаруды сұрады.
Сот алқасы қылмыстық іс материалдарын зерделеп, апелляциялық шағымның дәлелдерін тексере келе, бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды деген қорытындыға келді.
«Ер адамның кінәсі тергеу хаттамаларымен, сот-медициналық сараптамаларының қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденген», - деді Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінде.
Осыған байланысты үкім өзгеріссіз, сотталған адамның апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды. Қаулы заңды күшіне енді.