Аймағамбетов мектеп асханаларындағы сусын мен тағамдардың бағаларын ретке келтіруді тапсырды

0
539

Аймағамбетовтың сөзінше, бұл мәселені жүйелі шешу тек тексерісте емес. Мәселе – заңнамаға өзгеріс енгізу.


Аймағамбетов мектеп асханаларындағы сусын мен тағамдардың бағаларын ретке келтіруді тапсырды

ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов мектеп асханаларындағы тағамдардың бағаларын ретке келтіру қажеттігін айтты, деп жазады baq.kz.

"Осыған дейін біршама мектепке барғанымда асханасын да қарадым. Онда сатылатын әртүрлі сусындар мен тағамдардың бағасын алып қарасақ, бір мектепте бір баға, тағы бір мектепте басқаша баға. Мектептерде мысалы, 0,5 литр суды 250-300 теңгеге сатып жатыр. Тіпті бәліштің де бағасы (пирожки) әр мектепте әртүрлі. Бағасы удай қымбат. Бізде мектептің асханалары бойынша тиісті құзыреттілік бар", - деп айтты министр.

Асхат Аймағамбетов Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиевтен осы мәселе бойынша берілген тапсырманы қалай шешетінін сұрады.

"Тамақтану мәселесі бойынша бұйрыққа өзгерістер енгізіп жатырмыз. Тек мектеп қана емес, сонымен бірге интернаттар да жоспарлы тексерістен өтеді. Бүгін өзіңіз (министр – ред.) берген тапсырма бойынша акция жариялаймыз. Бұл акцияны осы тоқсанның аяғына дейін өткізіп, келесі оқу жылына дейін кемшіліктерді жою мәселесі шешіледі", - деп айтты комитет төрағасы.

Аймағамбетовтың сөзінше, бұл мәселені жүйелі шешу тек тексерісте емес. Мәселе – заңнамаға өзгеріс енгізу.

"Заңнамаға буфетте сатылатын су және басқа да тағамдардың орташа бағасы болатындай, сондай-ақ әр жалға алушы өзінің бағасын қоймайтындай мәселені қамтамасыз ету қажет. Жаңа айтқанымдай, дүкенге барсаң, бір баға, ал мектептің асханасына барсаң, бірнеше есе бағада сатылатын сусындар да, тағамдар да бар. Бұған жол бермеу керек. Оған тиісті заңнамалық негіздеме бар", - деп атап өтті БҒМ басшысы аппарат жиналысында.

Министр «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» (ГЧП) деген асханалар қаптап кеткеніне тоқталды.

"Байқағанымыздай, «ГЧП» конкурс арқылы өтпеудің тетігі болып кетті. Оны кім және не үшін істеп отырғанын түсінеміз. Сондықтан бұл мәселені де реттеу керек. Егер мектептің асханаларын конкурстан өтпеу үшін «ГЧП»-ға алатын болса, онда оның да тиісті шарттары болуы қажет. Мысалы, ол бір адамның не ұйымның ұсынысы арқылы емес, конкурс арқылы өтуі керек", - дейді министр Асхат Аймағамбетов.

Ол әріптестеріне осы мәселені заңнамада қарастыруды тапсырды.