Оларға мүлкін тәркілеумен 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан және мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айыруға үкім шығарылды.
ERNUR.KZ. Петропавл қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғалары Ұлттық қордан қаражатты ұрлау арқылы 17 мемлекеттік пәтерді заңсыз иеленген, деп жазады Tengrinews.kz Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, тұрғындардан алдағы уақытта сүрілетін үйлермен бірге жер учаскелері сатып алынған. Одан кейін шенеуніктер оларды келісілген тұлғаларға рәсімдеген және артынан үйді меншік иелеріне әдейі үлеске бөлу (меншікке) арқылы меншік иелерінің санын жасанды түрде көбейткен.
"Нәтижесінде алынған бір тұрғын үйдің орнына мемлекеттік тұрғын үй қорынан екіден бастап үш пәтерге дейін алған. Мемлекетке келтірілген шығын 213 миллион теңгеден асады. Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы Б.Өмірсейітоваға, облыстың аудандарының бірінің көші-қон полициясының бастығы М.Сағдиге, заңгер Ж.Есетоваға және К.Өмірсейітовке қатысты мүлкін тәркілеумен 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан және мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айыруға үкім шығарылды", - деп хабарлады прокуратура өкілдері.
Ведомстводағылардың мәліметінше, келтірілген барлық шығын сотталғандардан бірлескен тәртіпте өндіріліп алынды.