Өрт орнынан ер мен әйелдің және 2 жасар баланың мәйіті табылды.
ERNUR.KZ. Ақмола облысында үш адамнан тұратын отбасы өрттен қаза тапты, деп жазады stan.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Атбасар ауданы Сочинское ауылында 2 пәтерлі жеке тұрғын үйден өрт шыққан.
"Оқиға орнына азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, "Шортанбай-2019" ЖШС ерікті өрт сөндіру жасағы және жергілікті тұрғындар дереу аттанды", - деді Атбасар ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ерболат Әшкенов.
Белгілі болғандай, №1 пәтердегі 80 шаршы метр аумақтан шыққан өрт 10 шаршы метрлік №2 пәтерге ауысқан. Өрт түнгі сағат 4:59-да оқшауланып, 5:35-те өшірілді.
"Өрт орнынан үш адамның: 32 жастағы ер адамның, 31 жастағы әйел мен екі жасар баланың мәйіті табылды. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды", - делінген хабарламада.
Ақмола облысының Төтенше жағдайлар депатаменті қазақстандықтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды. Төтенше жағдайда "101" немесе "112" нөміріне хабарласыңыз.