Маусымның 1-не дейін малын шығаруға тиіс жеке кәсіпкер халық өзіне қарсы жиналғанын көріп ауылдан кетіп қалған.
Бурабайдағы Ақылбай ауылында жайылымы үшін қып-қызыл жанжал басталды. Тіпті жерге таласқан тұрғындар бір-бірінің малына оқ атуға дейін барған, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.
Себебі ауыл халқы төрт түлігін өрістете алмай отыр. Елді мекеннің бір бетін егістік алқап, екінші жағынан Ұлттық табиғи парк қысып тастаған. Тар жайылымды бөлісе алмағандар енді бір бірінің малын қуып жүр
Айғай-шу Жасыл ауылынан келген 120 бас жылқыдан басталған. Ақылбай ауылының тұрғындары жайылымға “малымыз сыймай жатыр” деп шу шығарған. Иелеріне “жылқыңды айдап кет” дегенімен, олар міз бақпапты. Енді көршілерінің малын жабылып қуып жіберіп, сырттан келген бөтеннің бірде-бір түлігін тиесілі жерімізге кіргізбейміз деп бекінген. Олай деуіне себеп те жоқ емес екен.
"Ақылбай ауылында 200 бас жылқы,200 ірі қара және 400 ұсақ мал бар. Жайылым тарылған соң малдың барар жері жоқ. Олар көң қоқыс пен шаруашылықтан шыққан боқтықта жайылып жүреді. Содан да болар, «тамылжыған табиғат аясында жүрсе де, малымыз азып кетті", - дейді ауыл тұрғындары.
Ендігі кезек сырттан малымен келген қалалық кәсіпкерде. Әу баста, аз ғана ірі қарасы болған шаруа қазір мал басын көбейткен. Оның үстіне басқа ауылдардан да жылқы әкеліп үйірге үйір қосыпты.Ауыл жұрты жиылып, жеке кәсіпкерге малын алып кетуін талап етіп талай барған. Бірақ шаруасы дөңгелеп тұрған ол ауылдан аулақ кетуге асығып отырған жоқ. Тұрғындар тебіндегі төрт жылқыны атып кеткендер де «осы жайылымға таласып, бізге өшіккендер» деп отыр. Бірақ қаскүнемдері полиция әлі таппаған.
"Ол әдейі қастық істелінген нәрсе бұл. Атып тастап кеткен. Атқаннан кейін алып кетпей ме, ет үшін келсе. Бүгінгі табын жүрген жерлер ағаш салып тастады. Мына жақта асфальттан әрмен қарай тағы қысып тастады", - дейді Ақылбай ауылының тұрғыны Балтабек Жанталинов.
Ауыл шетіне қоныстанып алдына мыңғыраған мал салған шаруа курортты аймақты да ластап отыр дейді тұрғындар. Шашылған боқтық, қоқыстағы өлексе де сол жерден шыққан көрінеді. Ал жайылымды енді оған бере алмаймыз деп отыр. Өйткені шаруа қожалығы бұл округке тірелмеген екен.
"Бұл ЖШ біздің базада жоқ. Тіркелмеген. Бірақ ветеринария базасында малдары тіркелген. Жағдайы солай. Халық қуғаны ол ЖШ болғанның өзінде, ол халықтың жерінде бағуға баға алмайды. Елдімекен жерлері дейді ғой. Ауылдың жайылымы. Ол сол жерге кіріп кетіп тұр. Бар сұрақ осыда болып тұр. Ал оған біріне дейін уақыт берілді. Маусымның біріне дейін", - дейді Абылайхан ауылдық округінің әкімі Жеңіс Көбенов.
Маусымның 1-не дейін малын шығаруға тиіс жеке кәсіпкер халық өзіне қарсы жиналғанын көріп ауылдан кетіп қалған. Ал тұрғындар жақын арада жайылымды босатпаса, кәсіпкерді мал-мүлкімен қоса ауылдан қуып шығамыз деп бекініп отыр.