Ақмола облысындағы жарылыс: Зардап шеккендерге көмек көрсету штабы құрылды

0
408

Қазіргі уақытта зардап шеккен отбасылардың мүшелері туыстарының үйіне орналастырылды.


Ақмола облысындағы жарылыс: Зардап шеккендерге көмек көрсету штабы құрылды

ERNUR.KZ. Ақмола облысында Шортанды кентінде газ жарылысынан зардап шеккендерге көмек көрсету штабы құрылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта зардап шеккен отбасылардың мүшелері туыстарының үйіне орналастырылды. Сонымен қатар Шортанды ауданының әкімдігі тарапынан баспанасы өртенгендер үшін екі пәтер бөлінді. Бұдан бөлек, қаза болғандарды жерлеуді ұйымдастыру бойынша көмек көрсетіледі. Оқиғадан зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі штаб құрылды.

«Шортандыда газ баллонының жарылу оқиғасы бойынша полицейлер «өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады», - деп атап өтті ведомстводан.

Қайғылы оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін тиісті жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

Еске сала кетсек, кеше түнде Шортанды кентінде барак типті үш пәтерлі үйде газ баллоны жарылды. Ақмола облыстық ТЖД бастығының орынбасары Манарбек Шапағатовтың айтуынша, өрттің шығуына қарапайым өрт қауіпсіздігі, яғни газ құрылғысын пайдалану ережесінің сақталмауы себеп болған.

Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықовтың мәлімдеуінше, жарылыстан зардап шеккен екі баланың жағдайы өте ауыр, денелерінің 90 пайызын күйік шалған. Зардап шеккендерге 6 медициналық бригада көмек көрсетті.