Ақмолада туған күн тойланып жатқан үйден өрт шығып, үш адам көз жұмды

0
677

Бүгін, 1 наурызда Бұланды ауданының Купчановка ауылында 81 шаршы метр жеке тұрғын үйде өрт шықты.


Ақмолада туған күн тойланып жатқан үйден өрт шығып, үш адам көз жұмды

ERNUR.KZ. Ақмола облысында өрт кезінде үш адам қаза тапты, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгін, 1 наурызда Бұланды ауданының Купчановка ауылында 81 шаршы метр жеке тұрғын үйде өрт шықты.

Өрт сөндіру бөлімшесі келген уақытта үй толығымен отқа оранған.

Оқиға орнынан 1976 және 1987 жылы туған екі әйел мен 1994 жылы туған ер адамның мәйіті табылды.

Бір адам терезені сындырып шығып аман қалған және өрт сөндірушілерді шақырған.

«Алдын ала ақпарат бойынша, үй иесі 1976 жылы туған әйел отбасылық мерекеде, достарының арасында ұлының кәмелетке толғанын атап өтпек болған. Кейін өрт кезінде келген қонақтар үй иесімен бірге қаза тапқан», – деді Ақмола облысы ТЖД мемлекеттік-өрт бақылау басқармасының бастығы Думан Далешов.

Өрт 03.10 кезінде ауыздықталып, 04.55-те толық сөндірілді.

Тілсіз жаудың себебі анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Оқиға орнына ТЖД 11 қызметкері мен 3 техника шықты.

Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау қажеттігін ескертеді.