Ақпан айына арналған ауа райы болжамы жарияланды

0
2 831

Республиканың басым бөлігінде тұман және көктайғақ қаңтарға қарағанда жиі байқалады.


Ақпан айына арналған ауа райы болжамы жарияланды

"Қазгидромет" синоптиктері Қазақстандағы ақпанға арналған ауа райы болжамын жариялады. Консультативтік болжамға сәйкес, елдің басым бөлігіне Иран аудандарынан оңтүстік және батыс циклондары жылы ауа массаларын алып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мәліметке сүйенсек, ақпанда күндізгі уақыттың ұзақтығы орташа есеппен 2-3 сағатқа артады. Оңтүстік өңірлерде орташа тәуліктік температура 0 градустан кейін оң мәндерге ауысады. Республиканың басым бөлігінде тұман және көктайғақ қаңтарға қарағанда жиі байқалады. Жауын-шашын мөлшері азаяды, тек Қазақстанның таулы аудандарында жаңбырдың түсуі артады.
Жауын-шашын көбіне елдің оңтүстік жартысында байқалса, солтүстік жартысында аралас жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады деп болжанды. Тұман, көктайғақ, желдің күшеюі, солтүстік өңірлерде бұрқасын болады. Ақпанда циклондар мен антициклондар жиі өзгеруі мүмкін.

Бірінші онкүндіктің ортасына қарай республика бойынша ауа температурасы жоғарылайды:

батыста түнде - 5...+ 3 градусқа дейін, күндіз -2...+10 градусқа дейін;
солтүстік, солтүстік-батыс, орталық және шығыста түнде 0...-10 градусқа дейін, күндіз
-5...+3 градусқа дейін;
оңтүстік-батыста, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста түнде -3...+ 5 градус, күндіз + 8...+15 градусқа дейін.

Бірінші онкүндіктің соңында антициклонның келуімен ауа температурасы төмендейді:

Қазақстанның солтүстігі, шығысы мен орталығында түнде -15...-25 градусқа дейін, күндіз -10...-16 градусқа дейін;
батыс, солтүстік-батысыта түнде -10...-18 градусқа дейін, күндіз -5...-12 градусқа дейін;
оңтүстік аймақтарда түнде -7...-15 градусқа дейін, күндіз -5...+5 градусқа дейін.
Екінші және үшінші онкүндіктерде ауа температурасы қайтадан көтеріледі. Солтүстікте күндіз 0...-7 градусқа дейін, оңтүстіктте +5...+10 градусқа дейін, оңтүстікте +15 градус.

"Алайда ауа температурасы айтарлықтай төмендеуі де мүмкін. Республиканың солтүстік, орталық және шығыс өңірлеріндегі Таймыр аудандарынан суық ауа массаларының өтуі кезінде термометр бағандары түнде -20...-30 градусқа, күндіз -10...-18 градусқа, елдің солтүстік-батыс бөлігінде түнде -10...-18 градусқа, күндіз -7...-12 градусқа, ҚР оңтүстік жартысында түнде -7...-12 градусқа дейін, кей жерлерде -15...-20 градусқа, күндіз -2...-13 градусқа түсуі мүмкін", - делінген хабарламада.

Синоптиктер бір айға арналған консультативтік ауа райы болжамы синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетіліп, онкүндік болжамдармен нақтыланып отыратынын ескертті.