Ақтау қаласына жаңа әкім тағайындалды

0
63


Ақтау қаласына жаңа әкім тағайындалды

Фото: gov.kz
ERNUR.KZ. Ақтау қаласының жаңа әкімі болып Мақсат Мұқаш тағайындалды. Ол мемлекеттік қызметке келгенге дейін бірнеше жыл Жаңаөзендегі спорт мектептерінде жұмыс істеген. Еңбек жолын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және еркін күрестен жаттықтырушы болып бастаған, деп жазады Stan.kz.

Мақсат Мұқаштың еңбек жолы

Мақсат Мұқаш Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін “Дене шынықтыру және спорт” мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін “Құқықтану” және “Мемлекеттік және жергілікті басқару” мамандықтары бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2013 жылы Жаңаөзен қаласындағы №7 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы болып бастаған.

Кейін Қызылсайдағы №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары, одан кейін директоры қызметін атқарған. 2019-2023 жылдары Жаңаөзендегі тағы бір спорт мектебін басқарды.

Сонымен қатар, 2021-2023 жылдары қалалық мәслихат депутаты болып, "Ақ жол" партиясының Жаңаөзен қалалық филиалына жетекшілік етті.

2023 жылы облыс әкімдігіне жұмысқа ауысты. Алдымен Маңғыстау облысы әкімінің көмекшісі болды. Бірнеше айдан кейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

2025 жылғы желтоқсаннан бастап Ақтау қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Мақсат Мұқаш Ақтау қаласының әкімі қызметіне Маңғыстау облысы әкімдігі мен ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша тағайындалды. Тиісті өкімге облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қол қойған.