Ақтау гарнизонының баспасөз қызметі азаматтардың қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігіне ерекше назар аударды.
Фото: lada.kz
ERNUR.KZ. Ақтаулық тұрғын «Оймаша» оқу полигоны маңына саңырауқұлақ теруге шығып, оқ-дәрі тауып алған. Ол бұл туралы бірден әскери қызметкерлерге хабар берген. Оқиға 9 сәуір күні болған, деп жазады inform.kz.
Осы оқиға бойынша Ақтау гарнизоны ресми жауап берді. Баспасөз қызметінің хабарлауынша Ақтау қаласындағы әскери полигонға іргелес аумақта жергілікті тұрғындар жарылмай қалған снаряд болуы мүмкін күдікті затты анықтаған.
— Оқиға орнына Қарулы Күштердің инженерлік-саперлік тобы жедел түрде жіберілді. Мамандар аумақты тексеріп, табылған затты оқшаулау және қауіпсіз жою бойынша бірқатар қажетті шараны жүзеге асырды. Жағдай бақылауда. Халық үшін қауіп жоқ, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Ақтау гарнизонының баспасөз қызметі азаматтардың қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігіне ерекше назар аударды. Күдікті заттарды анықтаған жағдайда оларға қол тигізуге, орнын ауыстыруға немесе қандай да бір өз бетінше әрекет жасауға қатаң тыйым салынатынын жеткізді. Мұндай жағдайда табылған зат туралы дереу құқық қорғау органдарына немесе төтенше қызметтерге хабарлау қажеттігін еске салды.


