Батыс қазақстандықтар баланың тұсау кесер тойымен қатар бір жасқа толған кезде шаш тойын жасайды.
ERNUR.KZ.Ақтаулықтардың балаға арнап жасаған шаш тойы өзге аймақ халқын таң қалдырды, деп жазады kyn.kz.
Батыс қазақстандықтар баланың тұсау кесер тойымен қатар бір жасқа толған кезде шаш тойын жасайды. Онда бірге толып жатқан баланың шашы бірінші рет кесіледі.
Тойға жиналған халық балақайды той ортасына отырғызып, шашын елге сыйлы деген нағашылары тарапынан бір азаматқа кестіреді.
Ел құрметтейтін азамат бірінші баланың төбе шашын, артынан басының төрт бөлігінен бір ұстам шаштан кесіп, ақ тілегін айтады. Әрі өзі дайындап келген көрімдігін ұстатады. Міне осыдан кейін тойға жиналған халық балақайдың шаш тойына арналған көрімдігін әжесіне, атасына, анасы мен әкесіне ұстатады. Бұл салт Батыс қазақстандықтарда бұрыннан келе жатқан дәстүр. Шаш кесілгеннен кейін барып, баланың тұсауын кесу рәсімі басталады.
Батыстықтардың бұл әдетін көрген кей азаматтар бұл дұрыс емес дегенді айтуда. Оңтүстік Қазақстанда тұратын 65 жастағы Наргүл әжей баланың шашын бір жасқа дейін кеспеу тазалыққа да, салтқа да жат дүние деп түсіндірді.
«Дүниеге келген баланы қырық күн бойы бір күн тұзды суға, бір күн сабын, кейде түймедақ гүлі салынған суға түсіріп отырады. Қырқынан шыққан күні шашын, тырнағын алып баланы толық жуындырып аламыз.
Сол кездің өзінде баланың еңбегіне қайызғақ жиналып қалған болады. Ол тазалық. Баланың еңбегі оның бүкіл жүйкесіне тікелей әсер етеді. Бізде Оңтүстікте баланың шашын қырық күндігінде алмаса қырсық, айтқанынан қайтпайтын, қарғысы жаман, ашуға берілгіш адам болып кетеді деген сөз бар.
Оны біз өз енелерімізден есітіп, қазір келіндерімізге айтып отырамыз. Бір жасқа дейін баланың еңбегін қайызғақ басып жатса, ол баланы қолдан қинау деп есептеймін», - дейді Наргүл әжей.