Ақтөбеде 36 мың гектардан астам алқап жиналды

0
113

Егін ору жұмыстарының негізгі кезеңі тамыздың соңында басталады.


Ақтөбеде 36 мың гектардан астам алқап жиналды

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр, деп жазады inbusiness.kz.

Биыл өңірде 435 мың гектар дәнді, 84 мың гектар майлы дақылдар және 6,1 мың гектар картоп пен көкөніс-бақша дақылдарын жинау жоспарланған.

Науқанға 1,5 мың трактор, 600-ге жуық комбайн, 800-ге жуық трактор тіркемесі және 500-ге жуық жүк көлігі жұмылдырылады. Шаруаларға 8 мың тонна дизель отыны бөлініп, литрі 278 теңгеден босатылады. Бұл нарықтағы бағадан 15 пайызға дейін төмен.

Қазірдің өзінде 36,6 мың гектар алқаптан 58,6 мың тоннадан астам өнім жиналды. Орташа өнімділік гектарына 16 центнерді құрап отыр. Егін ору жұмыстарының негізгі кезеңі тамыздың үшінші онкүндігінде басталады деп күтілуде.

Фермерлерге мемлекеттік қолдау да көрсетіліп жатыр. "Кең дала-2" бағдарламасы аясында шаруаларға 5 пайыздық мөлшерлемемен 8 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. Сонымен қатар өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 2,1 млрд теңге бағытталған.

Жаңа өнімді қабылдауға облыстағы астық сақтау кәсіпорындары мен шаруашылық қоймалары дайын. Олардың жалпы сыйымдылығы 685 мың тоннаға жетеді.

Қарғалы ауданында биыл 109 мың гектар дәнді дақылды жинау жоспарланған. Қазіргі таңда оның 13,2 мың гектары орылды.