Облыстық білім басқармасындағылар үміткерлердің бәрі бірдей сынақтан сүрінбей өте алмайды деп отыр.
ERNUR.KZ. Ақтөбенің мектептері директорға зәру. 72 білім ошағында екі жылдан бері басшы жоқ. Олардың дені шалғайдағы елді мекендердің білім беру мекемелері. Сонда педагогтар ауылға баруға құлықсыз ба, әлде білім беру саласының шенеуніктері мәселеге жүрдім-бардым қарап отыр ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап жазады Stan.kz.
Соңғы уақытта Ақтөбенің оқушылары бұзақылығымен, тәртіпсіздігімен жиі көзге ілініп жүргені жасырын емес. Бұл мәселе педагогтардың басқосуында тағы көтерілді. Таяқтың бір ұшы аудандық білім басшыларына да тиді. Бақсақ, облыстағы 72 мектепте әлі күнге дейін директор тағайындалмаған болып шықты. Екі жылдан бері лауазымды орында «міндетін атқарушы» ағай, апайлар жүр екен. Бұл жағдай облыстың әкімі Бердібек Сапарбаевты да ойлантып қойды.
“Қарасу негізгі мектебінде директор 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап жоқ. 2,5 жыл бойы ол мектепте қандай сапа болады? 2,5 жыл адам табылмады ма сонда?”.
Адам бар, алайда сапалы маман жоқ. Облыстық білім басқармасындағылар үміткерлердің бәрі бірдей сынақтан сүрінбей өте алмайды деп отыр. Жаңа ереже бойынша мектеп директоры лауазымына қабылдау талабы күшейген. Алайда, көпшілігі тестілеуден «құлайтын» көрінеді.
«210 адам бос мекемеге директорлықтан тесттен өтті. Соның ішінде бар болғаны 91 адам өтіп тұр. 43,3 пайызды құрайды. Аудандар бойынша айтсақ, бұл қазіргі Әйтеке бидің өзінде 10 директордың орны бос, Шалқар ауданында – 6, Шалқар, Қобда аудандырда – 8-ден, Хромтау ауданында- 8, Ақтөбе қаласында 10 мектеп директорының орны бос тұр», – дейді облыстық білім басқармасы басшынсының орынбасары Гүлнәз Сүлейменова.
Ақтөбедегі басшысыз отырған мектептің бірі – М.Арын атындағы орта мектеп. Бибінұр Қалапбергенова 1,5 жылдан бері директордың міндетін атқарушы болып жүр. Былайша айтқанда, осы мектептің «отымен кіріп, күлімен шыққанына» 25 жылдан асып кеткен. 30 жылдық педагогтық өтілі бар. Барлық жағынан сай келгенімен, ұстазды бірден директор етпейді. Өйткені, талап солай.
«Мектеп директоры болмасаңыз да, оның міндетін атқарып отырғаннан кейін осы мектепке жауап беруім керек. Бірінші кезеңі тест болды, сол тестен 77 балл жинадым, қазіргі таңда қамқоршылық кеңесінің отрырысы өтеді. Сол екінші кезеңге қатысуға үміткермін”, – дейді М.Арын атындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушы Бибінұр Қалапбергенова.
Директор болып жылы орынға жайғаса салу оңай емес. Талап бойынша, білім беру саласында басқарушылық қызметте 5 жыл еңбек өтілің болуы шарт. Әрі заңнама талаптарына сәйкес, тестілеуден өтуі қажет. Сосын мектептің қамқоршылық кеңесінің алдында ғылым мен білімді дамыту жолында өзінің қандай жоспары, мақсаты бар, соны баяндауы тиіс.
Ал педагогтардың басқосуында басшысыз отырған 72 мектепке 15 наурызға дейін директорды бекітуге тапсырма берді. Егер мәселе шешілмеген жағдайда қала және аудандық білім бөлімі басшыларына шара қолданылады.