Депутат Шынтасова жақында ғана жергілікті телеарна эфирінде кәсіпкерлерді карантин сақтауға шақырған болатын. Енді өзі ақталуға мәжбүр.
ERNUR.KZ. Ақтөбеде қалалық мәслихат хатшысы мен кәсіпкерлер палатасының төрайымы, оған қоса облыстық мәслихат депутатының басы дауға қалды, деп жазады Tengrinews.kz.
Анар Даржанова мен Сұлупан Шынтасова ұжымдық мерекеде ұсталды. Айта кетейік, өңір бірнеше апта "қызыл" аймақтан шыға алмай тұр.
Бұл ретте депутат Шынтасова жақында ғана жергілікті телеарна эфирінде кәсіпкерлерді карантин сақтауға шақырған болатын. Енді өзі ақталуға мәжбүр. Халық қалаулысы шақырған ауызашарға барудан бас тартуға ыңғайсызданғанын айтты.
"Менің әрекетім дұрыс болмады. Бірақ тағы да айтамын, біз қазақ болғандықтан мені көңіл шайға шақырды, сондықтан келісім бердім. Барғанымды жоққа шығармаймын. Маған айыппұл жазуды өзім сұрадым", - дейді Ақтөбе облысы "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының төрайымы Сұлупан Шынтасова.
Санитария дәрігерлер ұжымдық ауызашарға қатысқан барлық адамды анықтап жатыр. Мейрамхана иесі же жазаланады.
"Әрине, мен мұны көрдім. Қала әкімдігі жанындағы мониторингтік топқа осы іс-шараға қатысушылардың барлығын анықтау үшін фото жіберілді. Барлығына әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданады", - деді Ақтөбе облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.