Полиция қызметкері өзі қабылдаған антты бұзып, ішкі істер органдарының беделін түсірді.
ERNUR.KZ. Ақтөбеде ноутбук ұрлауға әрекеттенгені үшін полиция тергеушісі 400 сағат, ал оның сыбайласы 600 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды, деп жазады sputniknews.kz.
Заводской полиция бөлімінің тергеушісі Ілияс Жүсіпов сыбайласымен бірге түнде ноутбук ұрлау үшін Ақтөбе қаласындағы дүкендердің бірінің темір торын бұзбақ болған, деп жазылған қылмыстық істе.
Сот қаулысында полиция қызметкері өзі қабылдаған антты бұзып, ішкі істер органдарының беделін түсіргені айтылған.
Бұдан басқа алдын ала тергеу барысында прокурор Сазды полиция бөлімі тергеушісінің айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын үйқамақтан кепілмен босатуға өзгерту туралы қаулысын бекіткені анықталды. Осылайша ол Қылмыстық процессуалдық кодекстің нормаларын бұзған.Үйқамаққа алу туралы санкцияны тергеу судьясы берген және бұлтартпау шарасын тек сол судья ғана өзгерте алатын еді.