Ол тұрғынның сауалына жауап беруді бос уақыт өткізу деп білген.
ERNUR.KZ. Тұңғыш Президент атындағы саябақты күтіп ұстауға бөлінетін қаржының көлемі туралы ақтөбелік тұрғынның сауалына немқұрайлы қараған мемлекеттік қызметші жауапкершілікке тартылды, деп жазады ҚазАқпарат.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облыстық департаменті сәрсенбі күні қалалық әкімдікте жиын өткізді. Әдеп кеңесі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жандос Өтеулиннің мәселесін қарады. Ол тұрғынның сауалына жауап беруді бос уақыт өткізу деп білген.
«Азамат Т. Есдәулетов осы жылдың 4 және 15 шілдесі күндері Тұңғыш Президент атындағы саябақты күтіп ұстауға жұмсалатын қаржы мен саябақтан бюджетке түсетін ақша туралы ақпарат сұраған. Ол 2013-2019 жылдары аралығындағы мәліметті білмек болған. Бірақ бөлім басшылығы нақты ақпарат беруден бас тартқан», - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің бас маманы Қ.Ақиев.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жандос Өтеулин өз кінәсін мойындады.
«Ақтөбелік тұрғын өз сұрағына жауапты алды. Бірақ алғашқысында жауап берілмеді, кінәмді мойындаймын. Сұраған әр адамның бәріне жауап беруге міндетті емеспіз деп ойладым», - деді Ж.Өтеулин.
Әдеп кеңесі оған қызметіне сай еместігі туралы ескерту берді.